Аққыстауда ауылішілік маршруттық автобустар жүре бастады

суреттер автордікі

 

Сәрсенбінің сәтті күні  таңғы сағат тоғызда вокзал маңы алаңында салтанатты түрде 6 автобустың кілті табысталды. Осы бір игі істің басталуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрберген Утегенов, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов,аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсов,  «AMANAT» партиясы Исатай аудандық филиалының төрағасы Едіге Досқалиев, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры, мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков және ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Көптің көңілін толқытқан бұл рәсім – Аққыстау ауылы үшін тарихи күн десе болады. Себебі мұнда алғаш рет ауылішілік автобус жолаушылар тасымалы қызметі іске қосылды.

 

 

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтің айтуынша, әзірге бұл жоба тестілік режимде жүрмек. Үш бағыт бойынша алты автобус қатынайды. Бөлім басшысы бұл жобаның мән-маңызына тоқталып, алдағы жоспармен бөлісті.

–    Иә, ауыл тұрғындары тарапынан көптен бері көтеріліп жүрген мәселе еді. Соның негізінде алғаш рет ауылішілік жолаушылар тасымалы іске қосылып отыр. Әзірге 3 бағыт бойынша 6 автобус тестілік режимде жүрмек. Бұл бізге қай бағытқа сұраныстың жоғары екенін анықтауға мүмкіндік береді. Егер халық тарапынан сұраныс  болып, ұсыныстар түссе, аялдамаға және маршрут бағытына өзгерістер енгізу де қарастырылады. Ең бастысы – тұрғындарға қолжетімді әрі қолайлы қатынасты қамтамасыз ету. Қызмет көрсетуші – «БатысТехИнвест» ЖШС,-дейді бөлім басшысы.

Бұл жобаның басты артықшылығы – такси бағасының қымбаттауына байланысты туған түйткілді жеңілдетуі. Автобустың билет құны бар болғаны 60 теңге болып бекітілген. Бұл  таксидің қымбат бағасына наразы болған тұрғындар үшін үлкен жеңілдік екені анық.

 

 

Жаңа қызметтің басты ерекшелігі – әлеуметтік топтарға жасалған қолдау. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, өзге мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен бұрынғы «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ оқу кезеңінде мектеп жасындағы балалар автобуста тегін қатынай алады. Ал жасы бойынша зейнеткерлер, төрт және одан да көп баласы бар аналар, үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жеті мен он бес жас аралығындағы балалар жолақыны елу пайыз жеңілдікпен төлейді. 

 

 

Айта кетейік, автобустар таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ауылішілік жолаушылар тасымалы тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, Вокзал маңы алаңы – «Селхозтехника» мөлтек ауданы, Вокзал маңы алаңы – Өркен елді мекені және Вокзал маңы алаңы – Қаратүбек елді мекені бойынша үш бағыт бойынша ұйымдастырылған.

 

 

Еркебұлан Зинеденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT