Аққыстауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына бақылау жүргізілді

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы бағытта Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтың жетекшілігімен және аудандық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бөлімінің бастамасымен мониторинг және бақылау тобы аудан орталығы – Аққыстау ауылдық округіндегі азық-түлік дүкендеріне кезекті бақылау жұмыстарын жүргізді.

Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауы, дүкендерде «әлеуметтік тауарлар бұрышының» болуы, сондай-ақ барлық өнім бағасының сөрелерде ашық әрі нақты көрсетілуі басты назарға алынды. Сонымен қатар бақылау тобы кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптарын түсіндіріп өтті.

Тексеру нәтижесінде кейбір дүкендерде сатылымдағы тауарлардың бағасы сөрелерде көрсетілмегені, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталмағаны анықталды. Аталған кемшіліктер бойынша дүкен иелеріне ескерту жасалып, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Аудандық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов мониторинг қорытындысына тоқталып өтті.

– Мониторинг барысында азық-түлік бағаларында негізсіз қымбатшылық байқалған жоқ. Аудан тұрғындарын қамтамасыз етуге жеткілікті тауар қоры бар, дүкен сөрелерінде тапшылық жоқ, қызмет көрсету деңгейі қалыпты. 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсетіні белгілі. Алайда бұл жағдай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына әсер етпеуі тиіс. Осыны дүкен иелеріне түсіндірдік,-деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 19 түрлі өнім кіреді. Атап айтқанда, ұн, нан, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), сондай-ақ картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және ас тұзы бар. Дидар Есмұхановтың айтуынша, 4 қаңтардан бастап бұл тізім жаңартылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саны 31-ге дейін ұлғаяды.

Бақылау барысында дүкен иелеріне қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына әсер етпеуі керектігі тағы да түсіндірілді. Сонымен қатар отандық өнімдерге арнайы белгі қойып, оларды дүкен сөрелерінің көзге көрінетін, жоғарғы бөлігінде орналастыру қажеттігі айтылды.

Жеке кәсіпкер Мөлдір Өтепқалиева мұндай мониторинг жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, оның кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін де пайдалы екенін атап өтті.

– Бүгінгі мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты көптеген заң талаптарымен жан-жақты таныстым. Бұл – біз үшін жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам. Халық күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы негізсіз өспеуі тиіс. Оны қадағалау тек бақылаушы органдардың ғана емес, кәсіпкерлердің де ортақ міндеті деп есептеймін. Алдағы уақытта белгіленген талаптарды қатаң сақтап, тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынуға күш саламыз,-деді кәсіпкер.

Мұндай мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұруға және тұрғындарды күнделікті тұтынатын өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталмақ.

 

 

Жайна  МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT