Аққыстауда өнер мектебі ашылды

Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебі ашылып, аудан жастарына шығармашылық қабілетін дамытуға және өнер саласында кәсіби білім алуға кең мүмкіндік берілді,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, аудан тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады. Ол бұл өнер мектебінің өңірдегі мәдениеттің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтіп, жас таланттардың осында шыңдалып, болашақта ел мақтанышына айналатынына сенім білдірді.

Өнер мектебінің салтанатты лентасын Исатай ауданының Құрметті азаматы, ардагер мұнайшы Құрмет Төлеуішов пен ардагер ұстаз, көп балалы ана, өнерлі әулеттің отанасы Күлән Әженова қиды.

Қос қабатты заманауи өнер мектебі жас таланттардың жан-жақты дамуына лайықтап салынған. Бірінші қабатта 183 орындық кең акт залы, әрқайсысы 8 адамдық музыка сыныптары, қолданбалы өнер және 6 адамдық кескіндеме, сурет, мүсін шеберханалары орналасқан. Сонымен қатар, 11 адамдық би залы мен 16 орындық буфет бар.

Екінші қабатта оқу залы мен кітапхана, 10 адамдық хор және оркестр сыныбы, 8 адамдық өнер тарихы және поэтикалық өнер кабинеті, 10 адамдық ансамбль сабағы өтетін сыныптар қарастырылған. Оған қоса, мектеп жанынан 137 орындық амфитеатр салынып, ашық аспан астындағы іс-шараларды ұйымдастыруға жағдай жасалды.

Бұл нысан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен бой көтеріп, құрылысын «Сала» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.

Жаңа өнер мектебінің ашылуы – ауданның мәдени-рухани дамуына жасалған үлкен қадам. Енді жергілікті өнерпаздар кәсіби деңгейде білім алып, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алады.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT