Бүгін аудан орталығы – Аққыстау ауылдық округінде тұрғындар үшін маңызды әрі ерекше күн. Ауыл халқы өз әкімін сайлау үшін тіркелген сайлау учаскелеріне белсенді түрде барып, азаматтық борыштарын өтеуде. Ел тағдырына бейжай қарамай, таңдау жасауға келгендердің қатарында бүтін бір отбасылар да бар. Саяси науқан күні Аққыстаудың келбеті ерекше реңге бөленіп, ауылда мерекелік көңіл-күй орнады. Халықтың белсенділігін арттырып, күннің маңызын айшықтай түсу мақсатында бірқатар мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Солардың бірі – аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткен спорттық жарыс. Орталық алаңда өткен бұл ісшара тұрғындар назарын өзіне аударып, сайлау күніне серпін берді.
Жарыс барысында ауыл спортшылары гір тасын көтеру сайысына қатысып, өз мықтыларын анықтады. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған бәсеке нәтижесінде Нұрғиса Ниғмет жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Бекарыс Инамат еншілесе, үшінші орын Алтынбек Қадимге бұйырды. Барлық жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
– Мұндай шаралар ауыл тұрғындарының сайлауға деген ынтасын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттайды. Біз бұған дейін де осындай игі бастамалар арқылы жастарды спортқа тартуға күш салып келеміз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді бөлім мамандары.
Сайлау күнімен тұспа-тұс өткен бұл спорттық жарыс – ауылдың мәдени өміріне серпін беріп қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтардың денсаулыққа да ерекше мән беретінінің айқын көрінісі болды.
Сағыныш ҚАЙЫР