Аққыстауда «Жалын-times» шоу-концерті өтті

 

Аққыстау ауылында өткен «Жалын-times» шоу-концерті көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған, әзіл мен өнердің үйлесім тапқан жарқын мәдени кештердің бірі болды. Кеш шымылдығы жүргізушілер Амангелді Панабердиев пен Нұрбол Қамидолланың әзілге толы, әсерлі кіріспесімен ашылып, залды бірден жылылық пен шаттыққа бөледі.

Шоу-концерт барысында қоғам өмірінде өзіндік орны бар, еңбегімен ерекшеленген азаматтар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Алдымен «Ұйқыны жеңген батыр» номинациясы өз иесін тапты. Бейнеролик арқылы ұсынылған бұл марапатты білім саласының ардагері, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин үздік марафоншы Жұлдыз Заманғалиеваға табыстады.

 

 

Кештің келесі бөлімінде «Үздік таксист» номинациясына аққыстаулық Төлеп Сұлтанғалиев ие болды.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ұсынылған «Үздік демеуші» номинациясын Ақмарал Тахаева лайық деп танылды. Ал ақпарат айдынында белсенділігімен танылған Болатбек Нұрбай «Үздік блогер» атанып, өзі де сахнада ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді.

 

 

Шара барысында интерактивті ойындар ұйымдастырылып, асабаларға қойылған сұрақтар мен сөз құрастыру тапсырмалары көрерменнің көңілін көтерді. Сауда саласында адал еңбегімен көзге түскен Мөлдір Өтепқалиева  «Үздік дүкенші» номинациясына ие болды. Ал кондитерлік өнімдер дүкенінің иесі Айза Ғарифоллаева «Үздік кондитер» атанып, бейнеролик арқылы еңбегі таныстырылды.

Еңбек адамына көрсетілген құрмет ретінде «Үздік жұмысшы» номинациясы Гүлнұр Неталиеваға табысталды.

 

 

Кештің көңілді сәттерінің бірі – «Үздік әзілкештер» номинациясы болды. Бұл марапат «Әжесінің балдары» командасына бұйырып, олардың  өнері залды күлкіге қарық қылды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі саласында үлгі болған азаматтарға да назар аударылып, «Үздік жол сақшысы» номинациясын Шарапиден Нұрхат иеленді.

Сән мен талғамды дәріптеген «Үздік стиль» номинациясы Тарихов Аманбек Тайманұлына табысталып, ол сахнада Гүларай Қуаталиевамен бірге ән орындады. Ал ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсеткен «Үбі батыр» көшесі «Ұйымшыл көше» номинациясына лайық деп танылды.

 

 

Шара соңында өнер мен үйлесімнің жарқын көрінісі ретінде «Үздік өнерлі жұп» номинациясы Альберт пен Айгерімге табысталды.

Кеш соңында көрермендер шоу-концертке жоғары бағасын берді. Солардың бірі, ауыл тұрғыны Гулбану Кабулова.

–Мұндай көңілді, мағыналы кештер ауылға жиі керек. Әзіл мен өнер қатар өріліп, бір сәтке күнделікті тірлікті ұмыттық.Номинациялардың бәрі орынды, қарапайым еңбек адамдарының еңбегі ел алдында аталып жатқаны қуантады. Бұл – үлкен мотивация, – деп әсерімен бөлісті.

 

 

Жалпы, «Жалын-times» шоу-концерті ауыл тұрғындары үшін рухани демалыс сыйлап қана қоймай, қарапайым еңбек адамынан бастап өнерлі жастарға дейінгі азаматтардың еңбегін ел алдында дәріптеген тағылымды кеш болды. Көрерменнің көтеріңкі көңіл күйі мен ыстық ықыласы бұл шараның өз мақсатына толық жеткенін айқын аңғартты.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT