Аққыстаудың әуенімен түйінделген өнер керуені

Суреттер автордікі

 

Аптаның әр бейсенбісінде сахна шымылдығын түретін «Өнерім саған, туған ел» атты ауылдық округтердің дәстүрлі концерті – жас өнер иелерінің алғашқы қадамын қалың жұртшылыққа паш ететін рухани мереке. Бұл сахна – жаңа есімдердің жарқырап шығуына жол ашатын, талапты таланттың қиялына қанат, өнеріне өріс сыйлайтын мәдени алаңға айналды. Ән мен күйге, би мен жырға толы өнер керуенінің тізгінін осы жолы Аққыстау ауылдық округінің өнерпаздары ұстап, әсерлі қойылымдарымен көрермен көңіліне әдемі нүкте қойып, өнер керуенін қорытындылады.

 

 

Думанды кеш алдында көрермендерге аудан тарихы мен оның қалыптасу кезеңдерінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Одан соң сахна төріне ауданымызда жаңадан құрылған вокалды-аспапты ансамбль көтеріліп, батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының рухты «Жұмыр қылыш» күйін рок стилінде орындап, қалың көрерменді ерекше әсерге бөледі. Жүргізушілер Нарынның наркескен ақыны Нұралы Әжіғалиевтің «Ассалаумағалейкүм, Аққыстауым» атты жауһар жырымен көрерменге сәлем жолдады. Осы сәтте сахнаға ақ жаулықты аналар шашу шашып, бүлдіршіндер таласа тәттілерді терумен кештің шымылдығы ашылды. Алғашқы сөз кезегін алған Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашов аудан тұрғындарын мерекелік кешпен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй тіледі.

 

 

Кештің алғашқы нөмірін аққыстаулық «Дәстүр үні» әжелер ансамблі Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай «Желсіз түнде жарық-ай» әнімен ашып, көрермендерді әсем әуенмен тербетті.

 

 

Күмбірлеген күй, мың бұралған би, жанды дауыстағы әндер аудан жұртшылығын әсте баурап алғанын атап өткеніміз жөн. Көпшіліктің көкейіндегі «жұлдызды қонақ бола ма?» деген сауалға жүргізушілер бейсенбілік кештердің басты мақсаты — өзіміздің жергілікті өнерпаздардың өнерін насихаттау екенін атап өтті. Расында да, сахнаға ауданымыздың белді композиторы, мәдениет майталманы Төребек Шәріповтың қызы Анар Төребекқызы шыққанда, көрермен оны зор ықыласпен қарсы алды. Сондай-ақ кезінде көптің көзайымына айналған «Жайық қызы» ансамблінің белді мүшесі Зухра Сайпеденова да сахнаға қайта оралып, өнегелі өнерін Исатай жұртшылығымен бөлісті.

 

 

Аудан өнерпаздарынан бөлек аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов пен «Жалын» мәдениет үйінің басшысы Саябек Шагиров «Ауылдың адамдары-ай» әнін қалықтата шырқап, күлімкөз көрерменднің көз айымына айнала білді.

 

 

Ауданымыздың өнерлі де мерейлі әулеттерінің бірі — Махмудовтар отбасы әндер топтамасымен кеш көркін қыздырса, жас әнші Нұрдәулет Ыбырайұлы «Өнер» вокалды-аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

 

 

Кеш барысында түрлі жанрдағы әндер үлкен-кішіге бірдей көтеріңкі көңіл күй сыйлады десек артық айтқанымыз емес. Оған қоса белсенді көрермендеріміз де назардан тыс қалмады. Кеш жүргізушілерінің ұйымдастыруымен Абай әндерін караоке стилінде орындаған көрермендерге, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

 

                       

 

Концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақов сахнаға көтеріліп, өнер көрсеткен Анар Төребекқызы, Айкөркем Жұмабекқызы, Зухра Берікқызы, Мирас Төремұратұлына жекелей алғыс хаттар табыстап, аққыстаулық өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Кеш жүргізушілері көрермендерге алдағы бейсенбіде өтетін облыстық вокалды-аспаптық ансамбльдер фестивалін қуанышпен хабарлап, Исатай жұртшылығын тағы бір өнер мерекесіне шақырды.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT