«Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет...» деген еді 2020 жылғы 29 қазанда өзі төрағалық еткен Ішкі істер министрлігіндегі кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев. Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмаудың мемлекетімізге сын болмағы, халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керектігі де айтылды сол жолы.
Осынау алқалы басқосудың хаттамасы бойынша еліміздің әр өңірінде қолға алынып, қозғау салынып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл бағытта ауданымыз бойынша да қауіпсіздік пен құқық тәртібінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқыққа қарсы жаппай іс-әрекеттер жасауға жол бермеу жөніндегі кешенді шараларға сай елді мекендерді заманауи бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру, сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылында бағдаршам объектілері және бейнебақылау жүйелерін салу және монтаждау» жобасы жасақталған болатын.
- Аталған жоба түзетуден шығып, құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында басталған еді, содан бері жалғасып жатыр. Жоба бойынша Аққыстау ауылының орталық көшелеріне (Ерғалиев, Ынтымақ, Ғұбайдуллин, Сейфуллин, Е.Қазақстан) 52 дана бейнебақылау камерасын, 1 бағдаршам (Мұнайшы көшесі мен Е.Қазақстан көшесінің қиылысына) және 121 металды бағана орнату жұмыстары қарастырылған. Бүгінгі таңда 52 дана бейнебақылау камерасы, 115 металды бағана және 32 км кабель орнатылды,-деді бізге аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рита Сиғуатова.
Белгілі болғанындай, құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың 1 тамызында аяқтау көзделуде. Осылайша енді Аққыстауда алғашқы бағдаршам орнап, алғашқы бейнебақылау камералары мен металды бағаналар көше қозғалысына, қоғамдық тәртіптің сақталуына, ауыл тазалығының тұрақтылығына, адамдардың алаңсыз, еркін жүріп-тұруына, жалпы айтқанда, соның барлығындағы оң нәтижелерге қызмет ететін болады.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР