Ақмарал - әлеуметтік кәсіпкер

Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамның ең әлсіз топтарын белгілі бір кәсіпке баулу және осы азаматтар өндірген тауар мен көрсеткен қызмет түрлерін сатуды ұйымдастыру. Соңғы өзгерістер бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары біртіндеп  артып келеді. Елімізде қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер қатары көп болса да, олардың бәрі бірдей әлеуметтік кәсіпкерлер емес. Әлеуметтік кәсіпкерлердің негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған адамдардың белгілі бір кәсіп түрін меңгеріп, қоғамның толық мүшесі болуына жәрдемдесу. Осы орайда ауданымыз бойынша алғаш рет «Әлеуметтік кәсіпкер» мәртебесін иеленген әрі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған көп балалы ана Ақмарал Тахаеваны атап кетуімізге болады. Ол өз кезегінде бұл аталымды иеленбей тұрып, қоғамның белді мүшесі ретінде кез келген жағдайға бейжай қараған емес.Қай игі істің де басы-қасында білек сыбана белсенділік танытып жүретін кәсіпкерлердің бірі.Сондықтан  біз де қалыс қалмай, «Әлеуметтік кәсіпкер» атанған кейіпкерімізбен  байланысқа шығып, сұхбаттасқанды жөн көрген едік. Төменде сол мақаламызды сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

-«Әлеуметтік кәсіпкер» мәртебесін иеленіпсіз, құтты болсын! Жалпы, мұның мақсаты қандай?

-Иә, жылы пейіліңізге рахмет! Бұл әлеуметтік кәсіпкерлікті көбісі түсінбей жатады.Жалпы, ол - әлеуметтік мәселелерді шешу, мұқтаж жандарды қолдау, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жұмыс беру, кедейлікті азайту, білім мен денсаулыққа қолжетімділікті арттыру.Сонымен қатар, ауыл-аймақты дамыту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, мәдени құндылықтарды сақтау болып табылады. Әлеуметтік және экономикалық оқшауланған топтарға қоғамға араласуға мүмкіндік бере алады. Бұл бағыттағы кәсіпкерлер тек пайда табумен шектелмей, өз істері арқылы қоғамға оң әсерін тигізуге тырысады. Әлеуметтік кәсіпкерлік идея-сы әлемде бұрыннан бар, бірақ Қазақстанда бұл бағыт соңғы онжылдықтың шамасында еніп, дамып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау туралы заңдық негіз 2021 жылы енгізілді. Осыдан кейін бұл сала қарқынды дамып, өңірімізде көптеген кәсіпкер осы бағытта жұмыс істей бастады. Әлеуметтік кәсіпкерлердің алдында тұрған ең басты кедергі – тауарын өткізу, маркетинг жұмысын жолға қою.

 

-Қазір осы бағыт бойынша неше қызметкерді жұмыспен қамтып отырсыз?

-Мен 2018 жылдан бері осы кәсіпкерлік саласында ыстығына да күйіп,  біте қайнасып келе жатырмын. Ал ресми түрде әлеуметтік кәсіпкерлікпен  2024 жылдан бері айналысып келемін. Дегенмен, 2019 жылдан бастап әлеуметтік топтағы қызметкерлерді жұмысқа тартып, қоғамға пайда тигізу мақсатында жұмыс істеудеміз. Қазіргі таңда, біздің  «Akzhan arzan» дүкенінде  7 қызметкер жұмыспен қамтылып отыр. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтардан шыққан азаматтар да бар. Яғни, бұл дегеніміз қоғамға қосқан үлесіміздің бір көрінісі.

 

-Кәсіпкер болуыңызға кім немесе не себепкер болды?

-Кез келген адам кәсіпкер болып кетеді деп айта алмаймын. Өйткені кәсіпкерлік – ерекше қабілетті талап ететін іс. Кәсіппен айналысу үшін алдымен мені ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен тауар ұсыну ниетім итермеледі. Алдымен,отбасым, балаларым үшін арзан әрі тиімді бағада киім-кешек алу мақсатында қолға ала бастадым. Кейін бұл идеяны кеңейтіп, ауыл тұрғындарына да қолжетімді бағамен тауар жеткізу басты мақсатымның бірі болды.Ол үшін тыңбай еңбек пен әрекет етудің арқасында халықтың ықыласына бөленіп келемін. Осылайша, біржағы жолдасымның қолдауымен кәсіпкерлікке нық қадам басып, ауыл тұрғындарының сенімінен шығып, алғысын алып келеміз.Бір түсінгенім, «алма піс, аузыма түс» демей, отырған орнынан тұрып, істің тауқыметіне төзгенде ғана кәсібің нәсібіңе айналады, яки жемісін беретіні сөзсіз.

 

-Әлеуметтік кәсіпкер аталымын иелену оңай емес екендігі анық. Бұл аталымға қалай қол жеткіздіңіз?

-Әлеуметтік кәсіпкер атану мен үшін оңай болған жоқ. Бұл мәртебеге жету үшін көптеген істер атқарылды. Мен өзімнің дүкендерім арқылы әлеуметтік осал топтарға, көп балалы аналарға және мұқтаж жандарға жеңілдіктер ұсындым. Сонымен қатар, қаржылай көмек көрсетіп, «Мектепке жол» акциясы аясында арнайы жеңілдіктер ұйымдастырылды. Жұмыс орнында да әлеуметтік топтағы азаматтарға қолдау көрсетіп, оларды қызметке тарттым. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға үлес қосып келемін. Осы атқарған істерімнің арқасында әлеуметтік кәсіпкер атану мәртебесіне ие болдым.Сондай-ақ, осы істі ұйымдастырушы  жан төзімді, ақылмен шешетін, жүрегі кең, бір жағы патриот болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, оның артында денсаулығы нашар, әлжуаз адам тұрады, ісін лайықты атқара алмаған жанды жұмыстан шығарып жіберуге болмайды. Сол себепті де осы салаға бірыңғай пайда табуды мақсат еткендер емес, қайырымдылық жасау арқылы қоғамды өзгерткісі келетіндер келеді. Қоғамнан орын таба алмай жүрген осал топтағы жандарға көмек қолын созып, олардың бойындағы ашылмаған мүмкіндіктерін аша білу де үлкен еңбек деп білемін.

 

-«Кәсіп бастаймын» деген жастарға қандай ақыл-кеңестер айтар едіңіз?

-Шығынсыз кіріс болмайды. Сондықтан, бизнесін бастаған адам кез келген нәрсеге дайын болуы қажет. Кәсіп бастау үшін адамда 100 пайыз  нақты шешім және одан басқа қалауы болмауы керек.   Ал оның қосымша бір жоспарлары болса , кәсіпті соңына дейін апармайды.

Кәсіп бастаймын деген жастарға айтар ақыл-кеңестерім:

Мақсатты анықтаңыз. Кәсіп бастамас бұрын, нені және не үшін істегіңіз келетінін нақтылап алыңыз. Сіздің бизнесіңіз тек табыс әкеліп қана қоймай, адамдарға пайда тигізуі маңызды.

Бизнес-жоспар құрыңыз. Қаржылық мүмкіндіктеріңізді, шығындарыңызды және кірістеріңізді нақты есептеп, айқын жоспар жасаңыз. Бизнес-жоспар кәсіпті дұрыс бағытта дамытуға көмектеседі.

Білім алыңыз. Кәсіпкерлікке қатысты курстарға, семинарларға қатысыңыз. Білім – кез келген істің негізі. Кәсіпкерлікке қатысты заңдарды, салық жүйесін және нарықты зерттеп біліңіз.

Шағыннан бастаңыз. Бастапқыда үлкен тәуекелге бармай, шағын көлемде бастаған жөн. Тәжірибе жинақтап, кәсібіңізді біртіндеп кеңейтіңіз. Тәуекелден қорықпаңыз. Қателіктер мен қиындықтар кәсіпкерліктің бір бөлігі. Әр сәтсіздік – бұл тәжірибе. Ең бастысы, кері шегінбей, алға жылжуды жалғастырыңыз.

Жаңа идеялардан қорықпаңыз. Заманауи нарықта жаңашылдық пен креативтілік әрдайым жоғары бағаланады.

Қоғаммен байланыс орнатыңыз. Клиенттеріңіздің пікірін тыңдаңыз, олардың қажеттіліктерін түсінуге тырысыңыз. Жақсы қарым-қатынас – табыстың кепілі.

Әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпаңыз. Тек өзіңіз үшін емес, қоғам үшін пайдалы болуға ұмтылыңыз. Қайырымдылық жасаудан және қоғамға көмектесуден қашпаңыз.

Төзімділік пен табандылық көрсетіңіз. Кәсіпкерлік – ұзақ жол. Қиындықтарға мойымай, еңбек ету арқылы табысқа жетуге болады. Тәлімгер табыңыз. Тәжірибелі кәсіпкерлерден кеңес алыңыз. Олар сізге бағыт-бағдар беріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Ең бастысы – өзіңізге сеніңіз және қорқынышқа бой алдырмаңыз! Кез келген қиындықты еңбек және табандылық арқылы жеңуге болады.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT