Президенттің Жолдауында айтылған маңызды бағыттардың бірі – жер қойнауына қатысты барлық мәліметтерді жүйелеу және толықтай цифрлық форматқа көшіру. Бұл – уақыт талабы ғана емес, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін, ресурстық тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды қадам. Қазіргі заманда ақпараттың нақты әрі жедел болуы шешім қабылдаудың сапасын айқындайтын басты факторлардың бірі болып отыр. Сондықтан да, бұл міндетті іске асыруда заманауи технологияларға, әсіресе жасанды интеллект (AI) жүйелеріне жүгіну аса қажет.
Жасанды интеллект технологиялары жер қойнауын зерттеу, бағалау, пайдалану және өндіру салаларында шешуші рөл атқара алады. Мұндай технологияларды енгізу арқылы геологиялық деректерді үлкен көлемде жылдам талдап, нақты әрі дәл қорытындылар жасауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, бұрынғы тәсілдермен қол жеткізу қиын немесе көп уақытты талап ететін ақпараттар енді автоматтандырылған жүйе арқылы жедел өңделеді. Бұл деректердің сапасын арттырып қана қоймай, басқару процесін де жеңілдетеді.
Тағы бір маңызды мәселе – ашықтық пен әділдік. Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллекттің көмегімен жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық ақпарат халыққа қолжетімді әрі түсінікті болады. Бұл өз кезегінде жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтады. Инвесторлар үшін де ашық әрі болжамды орта қалыптасып, жаңа жобаларға қаржы тарту мүмкіндігі артады.
Жасанды интеллект сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарында, пайдалы қазбаларды өндіру стратегиясын әзірлеуде, экологиялық тәуекелдерді болжауда және ресурстарды ұтымды пайдалануда тиімді құрал ретінде қолданылады. Ол күрделі деректер жиынтығын талдап, түрлі сценарийлер бойынша болжау жасап, сараптамалық шешімдер ұсынуға қабілетті.
Осының барлығы еліміздің жер қойнауындағы табиғи байлықтарды тиімді әрі ұтымды пайдаланып, оны ел игілігіне айналдыруға үлкен серпін береді. Мемлекетіміздің ресурстық әлеуетін дұрыс пайдалану арқылы ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етуге болады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, заманауи технологиялардың мүмкіндігін барынша пайдалануымыз қажет.
Асқар АБУОВ,
Нарын ауылының әкімі