Зинеден ауылдық клубының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының ірі өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторларының бірі – Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Елім менің» атты аудандық поэзия кеші өтті. Ұлт рухын ұлықтаған бұл шара көрермен көңілінен шығып, жүректерді ерекше тебірентті.

Кеш шымылдығы ауылдық клуб ұжымы дайындаған әсерлі сахналық көрініспен түрілді. Жұмекен мен Шәмші Қалдаяқовтың рухани үндестігі, қос тұлғаның «тағдырлы Әнұранды» дүниеге әкелген сәтін бейнелеген қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлады. Мәні терең көрініс залдағы көпшіліктің көкейіне мақтаныш сезімін ұялатты.

Алғашқы сөзді Зинеден ауылдық округінің әкімі Айгүл Әділова алып, ақын мұрасын ұлықтаудың тағылымдық маңызын атап өтті. Поэзиялық сайыс екі кезеңнен тұрды: алғашқысы – Жұмекен жырларын жатқа оқу, келесісі – ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған викторина.

Жыр додасында жеті талапкер бақ сынады. Олар: Томан елді мекенінен Гаухар Сүндетбаева, Исатай ауылдық округінен Ақборық Тілепиева, Зинеденнен Қымбат Нәжімиденова, Тұщықұдықтан Жалғасбай Тәжиденов, Қамысқаладан Мөлдір Туралиева, Нарыннан Оралбек Шманов, Жанбай ауылдық округінен Гүлден Сахарбай. Әрқайсысы жүректегі шынайы сезіммен, шабыт пен толқынысын жыр жолына төгіп, көрерменді бір сәтке поэзия әлеміне жетеледі. Залдағылардың шапалағы толастар емес.

Екінші кезеңде де қатысушылар ақынның өмір жолына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, өзінің білгірлігін, шығармашылықты терең түсінетінін көрсетті.

Кеш соңында аудандық «Жалын» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Амангелді Панаберді сөз алып, жас талапкерлерге алғысын білдірді.

Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар ауылдық клуб пен демеушілер тарапынан сый-сияпаттар ұсынылып, қатысушылардың мерейі үстем болды.

Зинеден төрінде өткен бұл кеш – Жұмекен жырын жаңғыртып қана қоймай, жас буынның өнерге, сөз құдіретіне деген құрметін тағы бір мәрте айқындаған тағылымды шара ретінде есте қалды.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

