«Ақжол» өнер мектебінің жас суретшілері республикалық байқауда оза шапты

 

Елімізде жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған игі бастамалар жыл сайын өз жалғасын тауып келеді. Соның жарқын дәлелі – Жаңа Қазақстан Республикалық инновациялық орталығы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық қолдауымен ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы «Үздік суретші» республикалық сурет салу байқауы.

Бұл байқау – жас дарындарды қолдап қана қоймай, ұлттық рухты, елдік болмысты өнер тілімен дәріптейтін тағылымды алаң. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар өз қиялы мен шеберлігін ұштастырып, туған жердің сұлулығын, тәуелсіз елдің бейнесін кенеп бетіне түсіре білді.

Аталған беделді байқауда Тұщықұдық ауылындағы «Ақжол» өнер мектебінің сурет үйірмесінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, аудан мерейін асқақтатты. Үйірме жетекшісі Нұрсауле Идрисованың шәкірттері – Аруна Нұрболат, Ахан Аманкелді, Раяна Қаржаубай қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, І орын иегерлері атанды. Сондай-ақ олар Астана қаласында өтетін «Тәуелсіздік дарыны» атты дарынды оқушылар форумына арнайы шақырту алды.

Байқау барысында Ахан Аманкелді мен Раяна Қаржаубай пейзаждық композиция бағытында бақ сынап, туған жер табиғатын, бейбіт аспанды және қазақы ою-өрнектерді үйлесімді байланыстыра отырып, мазмұны терең жұмыстар ұсынды. Ал Аруна Нұрболат тақырыптық сюжет арқылы тәуелсіз Қазақстанның келбетін, болашаққа деген сенімді көркем бояумен әсерлі жеткізе білді.

Жетістіктің артында жүйелі еңбек пен шәкіртке деген шынайы жанашырлық жатқанын атап өткен жөн. Осы орайда үйірме жетекшісі Нұрсауле Идрисова өз пікірін былайша білдірді.

– Балалардың әр жұмысы – олардың ішкі жан дүниесінің айнасы. Біз сурет салуды ғана емес, ойлауды, сезінуді, туған жерді сүюді үйретеміз. Шәкірттерімнің республикалық деңгейде мойындалуы – олардың еңбегінің, талпынысының нәтижесі. Бұл жеңіс – тек балалардың емес, ата-аналардың, мектеп ұжымының ортақ қуанышы, -дейді ұстаз.

Ауданымыздан шыққан үш оқушының бірдей республикалық байқауда топ жаруы – Ақжол өнер мектебіндегі шығармашылық орта мен білікті ұстаз еңбегінің айқын көрінісі. Мұндай жетістіктер жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашаққа нық сеніммен қадам басуына жол ашады.

Өнерлі ұрпақ – ұлттың рухани байлығы. Ал сол байлықты тәрбиелеп отырған ұстаз еңбегі қашанда құрметке лайық.

 

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT