Жаңа жылды басқалар сияқты тұщықұдықтықтар да қуанышты қарсы алды.
Оған өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен бөлінген қаражат көлемінде ауылдың Разведка мөлтекауданында балалардың ойын алаңы, орталықтағы Ш.Шәріпов көшесінде спорттық тренажер алаңы салынып, жыл тоғысында пайдалануға берілуі де себепші болғаны анық.
Бұл балалар мен ауыл жастары үшін жағымды жаңалық еді. Ойын алаңынан ата-аналар балалары мен немерелерін ойнатып әрі өздері де демалып қайтса, спорттық көше тренажерлары жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылдануларына жасалынған бір мүмкіндік. Сондай-ақ ауылдағы Боқсақ өзекшесіне салынған жаяу жүргіншілер көпіріне түнгі жарықшамдар орнатылуы да ауылдың Комплекс мөлтекауданы тұрғындары, әсіресе, әрі-бері қатынайтын мектеп оқушылары мен үлкендер үшін игілікті іс болды.
Аталған нысандардың ашылу рәсімдерінде көптен күткен осынау игіліктерге қолы жеткен тұрғындардың шашу шашып, бұл бағыттағы істер жалғаса беруіне шынайы тілеулестіктерін білдіруі де соның куәсіндей еді. Ауыл әкімі М.Өтеғалиев ашқан бұл шараларға ауданымыздың Құрметті азаматтары К.Сапаров, Ш.Сыдихов және аудан әкімінің орынбасары Е.Әбілхасымов, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметжанова қатысып, керме ленталарды қиды. Жасалынған іске ризашылық білдірген тұрғындар болашақта Разведка мөлтекауданына балабақша үйін, Комплекс мөлтекауданына асфальт жол төсеуді ұсыныс етті.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,
Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ