АЛА ДОПТЫҢ АЛАМАНЫ БАСТАЛДЫ

 

Сенбі күні ауданымызда үлкен спорттық шараның шымылдығы түрілді. Бұл аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сонымен қатар Исатай қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен шағын футболдан аудандық лига ойындары бастау алды. Ала доп додасы биыл Хамит Ерғалиев ауылында өтіп жатыр. Айта кету керек, бұл жарыс үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда.

Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрым Мусин сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, бұл лиганың жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауда маңызы зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ жыл өткен сайын қызығушылық артып келе жатқан бұл лигаға биыл ауданның ауылдық округтерінен 11 команда қатысуда. Жарыстың ерекшелігі – командалар құрамында Атырау қаласынан келген жоғары лига ойыншылары да бар. Олар тәжірибе алмасу мақсатында арнайы шақырылып, жергілікті спортшылармен бір команда сапында ойын көрсетуде.

 

 

– Ауданда өтіп жатқан шағын футболдан аудандық лига биыл жаңа серпінмен басталды. Жылдан жылға спорт сүйер қауымның қызығушылығын арттырып келе жатқан лиганың басты ерекшелігі – ойындардың тікелей эфирде көрсетілуі. Бұл бастама көрермендердің және спортшылардың сұрауы негізінде жүзеге асып отыр. Енді жанкүйерлер барлық матчтарды лига соңына дейін онлайн түрде тамашалай алады.  Тікелей эфир кезінде тек ойын көрсетіліп қана қоймай, бұқаралық спортты насихаттау, жастарды спортқа баулу, нашақорлық пен зиянды әрекеттердің алдын алу мақсатында әртүрлі сұхбаттар ұйымдастырылып, пікір алмасады. Бұл – спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттаудың тағы бір тиімді жолы, – дейді бөлім басшысы Ринат Есқали.

Жарыс жеңімпаздарына қаржылай сертификаттар табысталып, облыстық лигаға жолдама беріледі. Сондай-ақ арнайы жарнаны ұйымдастырушылар төлейді. Қазірдің өзінде аудан намысын қорғап жүрген Қамысқала мен «Даллас» командалары облыс көлемінде жоғары деңгейде ойын көрсетіп жүр. Қазіргі таңда екі турдың қорытындысы бойынша «Қамысқала» және «Жанбай» командалары 6 ұпаймен көш басында келеді. Бұл командалардың ойындары жанкүйерлер арасында жоғары бағаланып, өзара тартысты бәсекеге толы болды. Аталған лига – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ауыл жастарының ынтымағын арттыратын, спорт арқылы тәрбиелейтін маңызды алаңға айналып отыр.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT