Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ Исатай қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен шағын футболдан аудандық лига ойындары өз мәресіне жетті.
Бір айға созылған лиганың ең қызығы – чемпионның соңғы турға дейін анықталмауы болды. Фаворит командалар сүрініп, жаңа есімдер жарқырап, көрермендер тартысты ойындардың куәсі болды. Айрықша атап өтерлік сәт – көш басында келе жатқан аққыстаулық «Даллас» командасының жанбайлық «Қарт Каспиймен» сенсациялық түрде тең ойнауы. Бұл нәтиже чемпиондыққа деген үмітті басқа командаларға да сыйлады. Солардың қатарында «Қамысқала» мен «Тұщықұдық» құрамалары бар еді.
Қамысқалалықтар соңғы турда «Нарын» командасын 12:3 есебімен ойсырата жеңіп, енді тек тұщықұдықтықтардың сүрінуін күтті. Ал лига басталғалы фаворит атанған тұщықұдықтықтар бұл турда аққыстаулық «Өркен» командасымен кездесті. Көптің назары ауған бұл ойын лиганың шын мәніндегі орталық кездесуіне айналды. Гол аз болғанымен, сары және қызыл қағаз көп көрсетілген бұл матч көрерменнің де, төрешінің де назарынан тыс қалмады. Ойын 1:2 есебімен аяқталып, күтпеген нәтиже тіркелді – «Қамысқала» құрамасы лиганың су жаңа чемпионы атанды.
Ал ауданымыздың шалғай ауылдарын біріктіретін «Батыстық дерби» – «Исатай» мен «Зинеден» командалары тең ойнап, тартысты ойын үлгісін көрсетті. Өзара кездесудегі жеңіс нәтижесінің арқасында зинедендіктер тұщықұдықтықтармен ұпай тең түскенмен, қола жүлдені екінші жыл қатарынан қанжығаларына байлады.
Жарыстың салтанатты жабылу рәсіміне аудан әкімі Нұрым Мусин, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры, мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова, айтыскер ақын, журналист Серікбол Панабердиев, сондай-ақ аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали қатысты. Алғашқы сөз алған аудан басшысы жарысқа қатысқан барлық командаларға және олардың жанкүйерлеріне алғыс айтып, лига жұмысының сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Бұл ойын бұрынғы ойыннан өзгерек деп бекер айтылмаса керек. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан лигамыздың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Ойыншылар үшін ғана емес, көрермендер үшін де жағдай жасалды – арнайы трибуналар орнатылып, ал шалғайдағы жанкүйерлерге арнап YouTube желісінде тікелей эфир ұйымдастырылды. Ең бастысы – күннің ыстығына қарамастан жанкештілікпен ойнаған спортшыларымыз бен соларға демеу болған көрермендерге алғысым шексіз,-деді аудан әкімі Нұрым Мусин.
Жабылу рәсімі барысында жекелеген үздіктер де лайықты марапатқа ие болды. «Қамысқала» командасының ойыншысы Ильяс Амандықов – «Үздік ойыншы», ал жанбайлық Сабырхан Елемес – «Үздік шабуылшы» деп танылды. Қорғаныспен көзге түскен тұщықұдықтық Медет Губайдуллин мен қақпада мықтылығын дәлелдеген «Даллас» ойыншысы Талғат Аронов өз шеберліктерінің арқасында сәйкесінше «Үздік қорғаушы» және «Үздік қақпашы» атанды.
«Зинеден» командасының намысын қорғаған Жантілек Сағынғали – «Үздік жас ойыншы» атанса, «Исатай» сапындағы Ислам Гарифуллаев – «Лиганың жаңа есімі» номинациясын иеленді. Ең әдемі голдың авторы – «Барлаушы» командасының ойыншысы Бекзат Аманқос. Ал жанкүйерлік қолдауымен көзге түскен Дидар Иманалин – «Үздік жанкүйер» атанды.
Сондай-ақ, «Исатай» командасының легионері Дәуренбек Жолдасбаев – «Үздік легионер», «Барыс кз» командасынан Хафизов Мансур – «Көрермен көзайымы» атанды. «Даллас» командасының бапкері Тауфих Қожасов – «Үздік бапкер» деп танылса, «Өркен» капитаны Рауан Серік – «Үздік капитан» мәртебесіне ие болды. Ақпараттық сүйемелдеу жағынан белсенділік танытқан тұщықұдықтықтар – «Үздік медиа команда» атанды.
Нәтижесінде, «Қамысқала» құрамасы лиганың алтын жүлдесін иеленсе, «Даллас» командасы күміспен күптелді. Ал өзара кездесудегі көрсеткіші арқылы «Зинеден» құрамасы қатарынан екінші жыл қола жүлдені қанжығасына байлап, тұрақты үштіктің қатарына енді.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ