Алау – бір күндік, өнегесі – мың күндік

Ел Президентінің елордамыз - Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкіміне, сондай-ақ, облыс әкімі Н.Ноғаевтың 2018-2020 жылдарға арнаған «Саламатты өмір салты жылы» кешенді өңірлік іс-шаралары аясында «Денсаулық алауы» эстафетасы ауданымызға жеткізілді.

Көрші ауданнан құрылған топ өкілдері аталған эстафетаны салтанатты жағдайда табыстап, исатайлықтарға игі тілектерін де арнады. - Мемлекетіміздің ең негізгі мақсаты ұлт денсаулығын жақсарту болып отыр. Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында түрлі шаралар қабылдауды міндеттеген болатын,-дейді топты бастап келген Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев. - Әрине, адамның денсаулығы ең алдымен өзіне маңызды. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол" іздеуге тырысуымыз керек. Осы орайда кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола отырып, күнделікті өмірімізде уақытты тиімді жоспарлау, дұрыс тамақтану, тынығу, спортпен шұғылдану, білім алу секілді жақсы қасиеттермен саламатты өмірді қалыптастыра аламыз. Салауатты адамның еңсесі тік, рухы биік, ойы терең, көңілі сергек болмақ, - деген топ жетекшісі аудан тұрғындарына жылы лебізін білдіріп, факелді Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Н.Абежанға салтанатты жағдайда табыстады.

– Биылғы жыл еліміз үшін үлкен даталы кезең екені баршаңызға мәлім. Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс көлемінде үлкен шара қолға алынып, Махамбет ауданынан бастау алған «Денсаулық алауы» мамырдың 28-і күні Құрманғазы ауданына жеткізілген болса, бүгін, міне, ауданымызға келді, - дейді Н.Абежан.

Одан әрі ол халықтың денсаулығын жақсартудағы бұқаралық спорттың алар орнын, оны тұрғындар арасында дамыту бағытында аудан басшылығы мен сала мамандарының жоспарлы жұмыстары жайында айтып өтті. Келесі сөз кезегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Г.Танбаеваға жолданды.

- Мемлекетіміздің ең басты құндылығы халқы болатын болса, оның денсаулығы ең бірінші кезекте тұратыны белгілі. Елордамыз – Астана қаласына 20 жыл толуына орай облыс әкімінің өкімімен «Денсаулық алауы» жобасы саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында басталған-ды. Елдің басты байлығы денсаулығы десек, өңір халқына амандық, сергектік, елдің рухани, мәдени биіктеп, дамуына, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуларыңызға шын жүректен тілектеспіз, - деді ол.

Алаңда жас спортшылар футбол, баскетбол, бокс, тоғызқұмалақ, кикбоксинг, т.б. спорт түрлерінің жаттығуларынан көрініс көрсетсе, аудандық орталық аурухана ұжымы халыққа қолжетімді медициналық қызмет түрлерін ұсынды. Ал 2-маусым күні аталған алау Индер ауданына жеткізілді. Эстафетаны табыстай барған аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Абежан бастаған исатайлық топ құрамында аудандық білім бөлімінің басшысы А.Бекіш, ардагер спортшы Е.Насимуллин, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Ғабитовалар болды.

 

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT