Алаяқтық азаймай тұр

 

Соңғы жылдары елімізде алаяқтық істері көбейіп барады. Әсіресе, ғаламтор алаяқтары түрлі қитұрқы тірліктерге барып, халықтың қалтасын қағуда. Ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, айласын асыратын алаяқтардың әдіс-тәсілдері де күн сайын өзгеріп, жаңарып отыруда.  

Статистикаға жүгінсек, бүгінгі күні алаяқтықтың ең көп таралған түрлеріне:
• интернет арқылы тауар сату немесе қызмет көрсету кезінде жасалатын алдаулар,
• өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену,
• бөтен адамның атына онлайн несие рәсімдеу жатады.

 Ғаламтор алаяқтары шекараның арғы бетінде отырып-ақ өз ойын жүзеге асыра береді. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені күдікті немесе жәбірленуші өзге елде жүрген жағдайда олардың жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу және тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Яғни, алаяқтық әрекетін дәлелдеу ұзақ уақыт алады.

Сол себепті ғаламтор алаяқтарының құрбандары кейде құқық қорғау орындарына шағымданбай, қолды бір сілтей салады. Ал  алаяқтың құрбандары одан сайын көбейе береді. Сондықтан барынша сақ болуы керек және басқаларды да сақтандырып отыру керек. Есіңізде болсын: алаяқтардың арбауына көбіне «жеңіл жолмен пайда тапқысы келген» немесе «тез әрі оңай жетістікке ұмтылған» адамдар түседі.

Ғаламтор алаяқтарынан сақтану үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстану қажет:
1. Жеке деректерді, банк картасының нөмірін, құпия кодтар мен парольдерді ешкімге жария етпеңіз.
2.Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жасамаңыз.
3.Күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмаңыз.
4.Ұялы телефонға немесе компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз.
5.Кез келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, спам хабарламаларға сенбеңіз.

Интернеттен бөлек, жылжымайтын мүлік сату немесе сатып алу кезінде де алаяқтық жиі кездеседі. Сондықтан мұндай келісімдерді тек нотариус арқылы рәсімдеген жөн. Құжаттағы әрбір тармақты мұқият оқып, толық түсінбейінше қол қоймау қажет. Егер келісімнің кейбір шарттары жазбаша емес, тек ауызша айтылса міндетті түрде жазбаша енгізуді талап етіңіз. Кез келген адам немесе ұйыммен мәміле жасар алдында олардың мекенжайы мен байланыс деректерін тексеріп алыңыз. Ғаламтор алаяқтары әрқашан азаматтардың аңғалдығын пайдалануға тырысады. Сондықтан әрбір азамат саналы әрі сақ болса ғана бұл қылмыстың азаюына ықпал ете аламыз. Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі.

 

Гүлназ САРИЕВА,
аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT