Еліміздің бас дәрігері Исатай ауданына келді

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.

Мұнайлы өңірге ат басын бұрған еліміздің бас дәрігері алдымен Исатай ауданына табан тіреп, ондағы «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы аясында салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановтың айтуынша, «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында аудан көлемінде үш нысан қаржыландырылған. Алайда, құрылыс нысанын салуға белгіленген жердің қолайсыздығына байланысты аталған жоба аясында қолға алынған Тұщықұдық ауылындағы спорт кешенінің құрылысы уақытша тоқтап қалған. Ал, осы бағдарлама аясында қаржыландырылған Аққыстау ауылының 16,2 шақырым ауылішілік жолдары салынып, Зинеден ауылында орналасқан Ю.Гагарин атындағы орта мектеп базасына толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ министр ауданға сапары барысында «Игілік» бағдарламасы аясында салынып жатқан Тұшықұдық ауылында орналасқан Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп жанындағы 350 орындық қосымша ғимараттың құрылысымен танысты. Жапсаржайда асхана, акт, оқу және спорт залдары, киіну бөлмесі және оқушыларға арналған сыныптар орналасатын болады.

x

Жобаға сәйкес, барлық сыныптар жиһазбен және ұйымдастыру техникасымен жабдықталады. Мұнда кітап сақтау орны мен мұғалімдер бөлмесі орналасады деп күтілуде. ҚР Денсаулық сақтау министрі ТШО компаниясының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, салынып жатқан нысанның сапасына оң пікірін білдірді.

a

Еліміздің бас дәрігерінің ауданға сапары аудандық ауруханада жалғасты. Аудандық аурухананың директоры Жасұлан Серікболұлы медицина саласының жағдайын баяндап, атқарылған жұмыстарды тізбектеді. Оның айтуынша, жалпы аудан бойынша 32 дәрігер және 188 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етуде. Бүгінде аудандық орталық аурухана невропатолог, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандармен толықтырылған. Сонымен қатар, ауданның бас дәрігері өңірдегі эпид ахуал тұрақты екенін мәлімдеді. Одан әрі ол тұрғындар денсаулығының динамикасын көрсетіп, аурушаңдылық көрсеткішіне тоқталды.

wwww

Кездесу барысында Алексей Цой медициналық нысанның барлық бөлімше және палаталарын аралап, ондағы медициналық құралдар мен аппараттардың сапалы жұмыс жасау деңгейіне назар аударды. Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері медицина саласының жергілікті қызметкерлерімен тілдесіп, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асты. Ол кадр тапшылығын жою мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп жатқанын тілге тиек етті. Алексей Цой індетпен аянбай күресіп жүрген жергілікті ақ халаттылардың да қызметіне оң бағасын берді. Десе де әлемді әбігерге салған вируспен күресті бір сәтке болса да босаңсытуға болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, екпе егу жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыруды тапсырды.

Айта кетейік, министрдің сапары одан әрі Индер, Махамбет аудандарында жалғасты.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521