Бүгін Қамысқала ауылдық округінде өтіп жатқан әкім сайлауы – ел ертеңін айқындайтын маңызды сәттердің бірі. Бұл күні ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауда. Солардың қатарында ең жас сайлаушы — Аман Арманұлы бар.
2007 жылдың 6 тамызында дүниеге келген жас ауыл тұрғыны бүгінде аграрлық бағыттағы оқу орнында ветеринар мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол үшін бұл сайлау – өміріндегі алғашқы саяси қадам, азаматтық жауапкершілік пен елдік санаға бастайтын сәт.
– Мен үшін бұл – ерекше күн. Алғаш рет сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасау үлкен жауапкершілік екенін сезіндім. Әр адамның дауысы маңызды, себебі ауылдың ертеңі, болашағы – өз қолымызда,-дейді Аман.

Жас сайлаушының бұл ойы – қазіргі буынның ел ісіне бейжай қарамайтынын, туған жерінің дамуына өз үлесін қосуға ниетті екенін көрсетеді.
Қамысқаладағы сайлау учаскесінде жастардың белсенділігі көңіл қуантады. Себебі ел болашағына сеніммен қарайтын, өз таңдауын саналы түрде жасайтын жастар барда ауылдың да, ауданның да келешегі кемел болмақ.
Жас та болса, жауапкершілік танытқан Аман Арманұлының бұл қадамы – азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісі.
Ел ертеңін ойлайтын осындай ұрпақ барда болашақтың бағдары айқын.
Өз тілшіміз


