Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік шара ұйымдастырылды,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.
Мерекелік жиында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтап, әр салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшылардың еңбегін атап өтті. Ол өз сөзінде елдегі әрбір еңбек адамының қоғам дамуына қосып отырған үлесінің зор екенін айта келе, ауылдың көркеюіне адал қызмет етіп жүрген бір топ қызметкерге алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Мереке думаны мәдениет үйі мен Новобогат балалар саз мектебі өнерпаздарының әсем әнімен, күмбірлеген күйлерімен жалғасты. Өнерпаздардың орындауындағы әуезді әндер, мың бұралған билер жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бұл іс-шара тек алғыс айтудың ғана емес, ауыл тұрғындарының бір-біріне деген құрметі мен сыйластығының белгісіндей әсерлі кешке айналды.
Өз тілшіміз