"Алтын қолтаңба" атты облыстық көрме-байқауына қос жерлесіміз қатысты

0 Votes

Қазақтың қолөнері ұлттық мәдениетіміздің маңызды бөлігі екені белгілі. Себебі, қолөнер - ұлттың ұлылығын айшықтап, тамыры терең тарихтан сыр шертіп, қазақы қалпымыздың даралығын айқындай түсер жәдігеріміздің бірі. Сондай-ақ, он саусағынан өнер тамған шеберлердің төл туындыларынан биік талғамның, әсемдіктің жарқын үлгісі анық байқалады.

Халқымыздың шежіреге бергісіз тарихынан, рухани болмысынан, таным-түсінігінен құнды да мәнді мәлімет беретін,  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өміршең өнердің ұмытылмауына, рухани құндылығымыздың құны кеміп, ұлттық мәдениетіміздің мәні жоғалмауына септесіп келе жатқан шеберлеріміздің ел ішінде аз кездеспейтіні көңіл қуантады. Ал, оларды тауып, танып, насихаттай білу – қазақтың қолөнеріне деген қамқорлық. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Алтын қолтаңба» атты қолөнер шеберлерінің облыстық көрме-байқауын сондай қамқорлықтың бірі десек қателеспейміз.

Жуырда болып өткен осынау шара кезінде оған қатысушы ардагерлер тамашалап келушілер мен бағалаушылар назарына өздерінің авторлық туындыларын ұсынды. Олар - зергерлік бұйымдар, сүйек пен мүйізден жасалған өнімдер, ағаштан, теріден жасалған бұйымдар, түрлі қалыпта тоқылған алашалар.

Осынау мазмұнды шараға ауданымыздан да екі қолөнер шебері - тұщықұдықтық Ақжүніс Боранбаева мен нарындық Сабила Қоесова қатысқан болатын. Бұған дейін де түрлі деңгейдегі басқосуларда өздерінің қолөнер бұйымдарымен ауылдастарды тәнті етіп жүрген шеберлеріміздің еңбегі елеусіз қалмады. Сөйтіп, тамашалаушыларды халқымыздың бай қолөнер түрімен таныстыра отырып, әсіресе жастардың халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға және көркемдік құндылығын сезінуіне жетелеген байқауда жерлестеріміз Алғыс хатпен марапатталып, қаржылай сыйлық та иеленіп оралды.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521