Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Сарқылмайтын сұлулық, Әйел аты - ұлылық» атты салтанатты жиын өтті,- деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.
Көктемнің шуақты мерекесінде аналар мен аруларға деген құрмет айрықша сезілді. Әйел – отбасының ұйытқысы, елдің тірегі. Қазақ халқы үшін ананың орны қашанда биік, ал оған деген құрмет – мәңгілік. Осы күні аудан әкімі Нұрым Мусин сахна төріне көтеріліп, барша нәзікжандыларға жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
–Ұрпақ өсіріп, отбасының ғана емес, тұтас елдің берекесін келтіріп отырған аналарға қандай құрмет көрсетсек те, аздық етеді. Тарихымызда да асқан ерлігімен қатар, өнегелі істерімен де дараланған нәзік жандылар аз емес. Солардың арасында жерлесіміз Фаризадай қайсар мінездің, Динадай өнердің, Хиуаздай батырлықтың иелері көпке үлгі деп білемін.Әйел-аналарымыз өздері ұйытқысы болып отырған отбасының тірлігінен бөлек, ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуына да зор үлес қосып келеді.Өздерінің білімі мен біліктілігінің арқасында әр салада табысты еңбек етіп келе жатқан мереке иелерінің бұл ісі де біз үшін қуаныш. Жылылық лебін ала жеткен мереке қарсаңындасіздерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл тілеймін. Отбасыларыңызда қуанышты күндер, жағымды жаңалықтар көбейсін! Мерекелеріңіз құтты болсын!-деген аудан басшысы өз сөзінен кейін батыр аналарды марапаттады.
Бір топ алтын құрсақты ардақты аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын иеленді. «Алтын алқа» иегерлері қатарында Аққыстау ауылынан Алпысбаева Индира Алпысбаева, Жанбай ауылынан Айбарша Аяшева мен Сәуле Жұмабекова бар.
Ал «Күміс алқамен» марапатталған аналар қатарында Исатай ауылынан Назерке Бегімбетова, Жанбай ауылынан Жанар Ғазизова және Тұщықұдық ауылынан Тынышгүл Ермекова, Альбина Мардашева және Ақмарал Сүйменова бар.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының арнайы сазды бағдарламасымен жалғасты. Ән мен жырдан шашу шашылған сахнада ер-азаматтар аяулы жандарға деген ыстық ықыласын әсем әнмен, жүрекке жылы тиер жырлармен жеткізді. Соның ішінде аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали мен «Жалын» мәдениет үйінің басшысы Саябек Шагиров орындаған «Ана туралы жыр» әні көрермендерді ерекше толқытып, ыстық ықыласқа бөленді.
Бұл кеш тек өнер мерекесі ғана емес, аналарға деген риясыз алғыс пен шынайы құрметтің көрінісіне айналды. Жылдың әр күні аналардың жылы алақанындай мейірімге толы болса, өмір шын мәнінде көркем болмақ. Бүгінгі мерекелік жиын осы ойды тағы бір мәрте дәлелдеді.