Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: «Рамазан – рухани тазару айы»

Карантинде мешіттерде намаз мәселесінде шектеулер болғанмен, ауыз бекітуде белгілі бір шектеулер бола ма? Қандай мәселелерге көңіл бөлуіміз керек? Осы орайда Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына сұрақтарымызды қойған едік.

– Пандемия жағдайындағы екінші Рамазан қандай ерекшелігімен келіп отыр?

– Бисмиллаһир раһманир рахим, баршаңызды биылғы қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын! Бес парызын түгендеп жүрген, ақын Мұқағалиша айтқанда, «көрмейтін түнде тыным, күнде тыным, мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін» деп жүрген елдегі мұсылман қауымға ниет қабыл болсын дегім келеді. Әрине, індет күнделікті өмірімізге көп өзгерістер әкелді. Бұның қанша уақытқа созылары әлі белгісіз. Дегенмен, белгілі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, дінімізде парыз болып табылатын оразаны ұстауға мүмкіндік бар. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы биылғы ораза туралы мәлімдеме жасады. Яғни, биылғы ораза сәуір айының 13 жұлдызы күні басталып, 12 мамырда аяқталады. Қазіргі індет жағдайында сақтықты еш қаперден шығармауымыз керек. Жеке гигиена, тәртіп, әлеуметтік арақашықтық секілді жалпыға ортақ талаптарды ұстануға әрбір ораза ұстаушы көңіл бөлуі керек.

– Ораза ұстаудың негізгі мәні неде?

– Жалпы мұсылман үмбеті өмір салтында қасиетті Құран мен сүннетті басшылыққа алады. Құранда ораза бұрынғы көне қауымдар үшін де міндеттелгені және ондағы мақсат тақуалық, яғни Жаратқанға бір табан жақындай түсу екені аталады. Құран Кәрімде («Бақара» сүресінің 183-аятында): «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» деген. Ойшылдар адам өмірге келгенде «Кіммін, не үшін келдім, қайда барамын» дегендей сұрақтарға жауап іздеу керектігін айтады. Мұсылман адам үшін өмірге келгеннен кейін Жаратушыны тану, ғаламды, тіршілікті жаратуындағы құдіретін ұғыну, соған тамсана отырып, құлшылығын орындау аса маңызды. Ендеше, саналы мұсылман Абайша айтқанда «Әуелден көптің қамын Тәңірі ойлаған», осы өмірге келмей тұрып тіршілік етуге барлық жағдайды жасап қойған Раббысын тануы тиіс. Мына ғаламды, ондағы құбылыстарды жаратуындағы құдіретін ғылымның әр саласымен зерттеп, зерделеп, соған тәнті болуы тиіс. Міне, осындай таным биігіне жетіп, Жаратушы таныған, пайғамбарына мойынсұнған жан ислам талаптарына бей-жай қарамайды. Күнделікті бес уақыт намазын қаза етпей, жылына бір келетін Рамазан айында ауыз бекітеді. Бұл ай күнә, қате, кемшіліктерден тазарыну, руханиятқа көңіл бөліп, жаныңды нұрландыру тұрғысынан аса елеулі мүмкіндік береді.

– Оразаны кімдер ұстай алады, кімдер ұстай алмайды?

– Ораза балиғат жасына толған, сенімі мұсылман, ақыл-есі бүтін баршаға міндетті. Дегенмен, әлеуметтік топтың арасында әр түрлі жағдайдағы адамдар да кездесетіні белгілі. Құран Кәрімде: «Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиындықпен қинамайды», – делінген («Бақара» сүресі, 185-аят). Осы себепті дінімізде үзір жағдайларда қарастыралатын жеңілдіктер де жоқ емес. Демек, белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтындар ол міндеттен босатылады. «Егер сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. Біле-білгенге соның бәрінен ораза ұстаған артық» («Бақара» 184) деген аяттарда ораза ұстай алмайтындардың жағдайлары айтылған. Нақтырақ айтсақ, мына кісілердің ораза ұстамауына рұқсат етіледі: білікті мұсылман дәрігердің кеңесімен ауруы асқынуы мүмкін науқасқа, бұндай науқас кісілер мен сапарға шыққан жолаушылар кейіннен жағдай дұрысталған соң ораза ұстайды. Ағзасын жарақаттау, қатты ұру секілді қысымға тап болғандарға, жүктіліктегі не бала емізетін әйелдерге, өлімге не қатты ауруға себеп болатын қатты шөл, аштыққа тап болғандарға, ораза ұстауға дәрмені жетпейтін кәрі кісілерге, хайыз және нифас күйіндегі әйел кісілерге, (ол кісілер кейіннен қазасын өтейді), ауыр жұмыстағыларға, басқаның өміріне жауапты әрі зәру қызметтегілер (ұшқыш, дәрігер т.б.) немесе ауыр жұмыстағылар (кенші, металлург, қауіпті ғимаратта істейтін құрылысшы т.б.) мүмкіндік таппаса, оразасын кейінге қалдыра алады.

– Әлемде һәм елімізде коронавирусқа қарсы жаппай алынып жатқан вакцинация оразаны бұза ма?

– Жалпы алғанда оразаны бұзатын, бұзбайтын жағдайлар ғылымхал кітаптарында осыған дейін кеңінен түсіндіріліп келді. Вакцинацияға байланысты Мүфтият арнайы мәлімдеме таратқан болатын, онда сөздің түйіні ретінде былай делінді: «Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан, адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды». Демек, ораза кезінде вакцинация қабылдау керек болған азаматтарға вакцинацияның оразаны бұзбайтынын, оған бола алаңдамау керектігін тағы да ескертеміз.

– Алғаш рет оразаға ниет еткендерге қандай кеңес бересіз? Оразаның сауабы туралы да айта кетсеңіз.

– Рас, жыл сайын дәстүрлі дінімізге деген бетбұрыс күшейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. «Ақиқатты ақиқаты ретінде қабылдап, сонымен жүруді нәсіп ете гөр» дегенді дұғаларымызда да айтамыз. Әрине, балиғат жасына толғаннан бастап міндеттелетін дін талабын кейіннен түсініп келіп жатқан кісілерге ниет қабыл болсын дейміз. Бұл тұрғыда алғаш ораза ұстаушыларға берер кеңесім «Пендеге иман өзі ашады жол» деп Абай атамыз айтпақшы, дінді ұстану үшін сабырмен қатар білім де керек. Ол үшін осы бағыттағы арнаулы діни әдебиеттерді үнемі қарап, өзіне керекті мәліметтерді оқып, көңілге тоқи жүруі керек. Ал, оразаның сауабына келсек, ол әрине өз алдына бөлекше тақырып. Бір хадисте Алла Тағала «Ораза мен үшін ұсталады, оның сауабын да өзім беремін» деген. Жомарттығы шексіз Алла Тағала әрине ораза ұстаған құлдарын жақсы көретіні әрі оған сауапты да молынан берері еш күмәнсіз. Ақыретте де Жұмақтың Райян қақпасынан тек ораза ұстағандар шақырылатыны да тегін емес. Ғалымдар оразаның адамның денсаулығына пайдасын да өз алдына зерттеп, түсіндіруде. Бірақ, ең бастысы ораза ұстау Жараушының бұйрығы болғандығын түсіну бірінші кезекте тұруы тиіс.

– Пітір садақасы туралы мәлімет бере кетсеңіз.

– ҚМДБ Төралқа мәжілісі мүшелерінің ортақ шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 420 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы басқа садақалар секілді мал мүліктен емес, әр кісінің жеке басына берілуімен ерекшеленеді. Ол әркімнің Жаратушыға деген зор шүкіршілігін білдіреді әрі кедейлерді қуанту үшін беріледі. Пітір садақа негізі өзінің талабында мына нәрселерден беріледі. Пiтiр садақаны бидаймен беретiн болсаңыз, әр адам үшiн – 1 келі 796 грамға тең. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Оны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Жалпы, пiтiрдi айт күнi айт намазына дейiн беру – мұстахаб. Пітір садақаның бар мәні осындай. Оразаларыңыз қабыл болсын!

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT