Алыс ауылдардағы байланыс реттелсе

Нарын, Тұщықұдық ауылдық округтеріне қарасты Нарын құмында орын тепкен шаруа қожалықтарын аралау жұмыстары биыл да әдеттегідей жыл басында басталды.

Тиісті сала басшылары, аудандық мәслихат депутаттары және денсаулық сақтау саласы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, құмдағы елдің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, оларды толғандыратын мәселелермен танысуға арналған сапарды аудан әкімі Марат Мурзиев өзі бастап барды. Шаруалардың орталықтан алыстау қоныс тепкеніне қарамастан олардың жай-күйіне бейжай қарамайтынын айтқан аудан әкімі бірінші кезекте әрбір қоныста жиын өткізіп, ауыл әкімдерінің халық алдындағы есебімен танысты. Атап айтқанда, Үштағанда болған жиында Нарын ауылдық округінің әкімі Рухолла Тәкенов бұл өңір халқының қазіргі ахуалын сөз етіп, құмда болмай тұрмайтын тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, Үштаған қонысында 5 айдан бері телефон байланысы тоқтап тұр. Техникалық себептермен қызметі тұралап қалған байланыс құралының саймандарын ауыстырып, жөндеу үшін аппарат аудан әкімдігі арқылы облыс орталығына жіберілгенімен, бірнеше ай болса да әлі күнге жөнделетін түрі жоқ.

Жолы қашық, ұялы байланысы жоқ шалғайдағы мал баққан адамдар үшін телефон байланысының ауадай қажеттілігі бар екені айтпаса да түсінікті шығар. Мәселен, құмда тіршілік ететін бір жігіт ағасы қан қысымы көтеріліп, басы айналып, аттан жығылғанда сонау Айбасқа барып, сондағы телефонмен орталыққа хабар беріп, көлікпен нарындық фельдшерді алдырып, жанын аман сақтап қалдық дейді өздері. Осындай мәселені ғана тілге тиек етіп көтерген Үштағандағы халықтың мұңын тыңдаған аудан әкімі бұл мәселемен «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық филиалы арқылы, тіпті қажет болса аталған мекеменің облыстық өкілдігі арқылы жұмыстанатынын айтты. Жалпы, мәлімет үшін айтсақ, бүгінгі күні құмда барлығы 5 шағын АТС бар.

Мыңтөбе қонысында телефон байланысы болғанымен, тұрғындар жарықты бүгінде тек жанармайдың күшімен жасайтын генератор арқылы алып отыр. Осы жайды қозғаған шаруалар аудан әкімінен желден қуат алатын генераторлар алу ісінде қолғабыс беруін сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алған шаруа қожалықтары үшін мұндай құрылғылардың тегін түрде сенімгерлікке табыстау арқылы берілетінін айтып, осы мақсатта алдағы күндері ауданға 7 жел генераторының жеткізілетінін баса айтты. Сол кезде құмда тіршілік етіп, шаруа қожалығын ашқан адамдар үшін аудандық әкімдік тарапынан үлкен көмек берілетін болады.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT