АМАЛ КЕЛДІ - ЖЫЛ КЕЛДІ

14 наурыз – Көрісу күніне орай «Жалын» мәдениет үйінің алдында киіз үй тігіліп, аудандық орталық кітапхана мен «Жалын»  мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Амал келді - жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Бір кездері еліміздің тек батыс өңірлерінде ғана тойланып келген амал мерекесі қазіргі таңда қанат жайып, кең көлемде тойлана бастады. Қыстан аман шыққан ел бір-бірінен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырып көріседі. Елдің тыныштығы мен бірлігін көрсететін аталмыш мерекеде жасы кіші үлкенге арнайы барып сәлем беріп, батасын алып жатады. Осы дәстүр бойынша күні кеше аудан орталығында өткен шарада жиылған жұрт бір-бірімен қауыша төс қағыстырып, қол алысып, қуана көрісіп жатты. Аудан әкімі Полымбет Хасанов та ауыл ақсақалдары мен шараға жиналған көпшілікпен көрісіп, оларды амал мерекесімен құттықтады.

-Баршаңызды көрісу – амал мерекесімен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім бұл мереке – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр, бізге жеткен аманат. Міне, сол дәстүрді жалғап, еліміз бойынша көрісу мерекесін атап өтудеміз. Бұрын қысқа таман аталарымыз өздерінің орналасқан жерлеріне, қыстақтарына, шаруаларына қарай еңбек етіп, қыс бойы сол жерде болып, көктем шығарда наурыз айының алғашқы күндерінде ел-елге барып көрісіп, амандығын біліп, қуанышпен қауышатын еді. Осы дәстүрдің арасын үзбей, кейінгі жас ұрпаққа жеткізу- біздің басты міндетіміз. Бірлік пен татулыққа бастайтын мерекенің тамыры тереңде. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!-деді ол.

Мерекелік шара  аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мерекеде домбыраны сөйлеткен күйшілер мен жыршылар өнерлерін ортаға салды. Қазақы нақышта киінген жұрт ұлттық тағамдардан әзірленген дастарханнан дәм татып,  бір-біріне ақжарма тілектерін айтып жатты.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521