Исатай ауданында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының актив отырысы өтті. Жиынға партияның Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев, облыстық партия филиалы жанынан құрылған комиссия мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында партияның аймақтағы жұмысы, атқарылған іс-шаралар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Аудандық филиал төрағасы Едіге Досқалиевтың айтуынша, бүгінде Исатай ауданында 2259 партия мүшесі бар. Олар 9 бастауыш партия ұйымына бірігіп, белсенді жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері бастауыш партия ұйымдарының ұйымдастыруымен 23 іс-шара өтіп, оған 500-ден астам адам қамтылған. Сонымен қатар, партиялық бақылау бекеттері орнатылған екі нысанға мониторинг жүргізілуде. Алайда, оның бірі – мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.
Есепті кезеңде аудандық фракцияның бес отырысы өткізіліп, сегіз маңызды мәселе көтерілген. Ал қоғамдық қабылдауға 205 өтініш тіркеліп, оның 88-і оң шешімін тапса, қалған 117-сі бойынша тиісті кеңестер берілген.
Жиын барысында Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жансих Маштахов, «Жанбай» бастауыш партия ұйымының төрайымы Райгүл Мамешова және «Жастар Рухы» жастар қанатының аудандық жетекшісінің уақытша міндетін атқарушы Динара Қадыржанова баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған Қуантай Бисалиев партия мүшелерінің жұмысына сын көзбен қарау емес, тәжірибе алмасу, бағыт-бағдар беру және ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істеу үшін келгенін айтты. Ол 2025 жылға арналған ауқымды жоспарлар мен үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті.
Жайна МӘЛІМҚОЖА