«Amanat» мұнай компанияларындағы вахталық ауысым уақытын реттеуді қолға алмақ

«Amanat» мұнай компанияларындағы вахталық ауысымның уақытын реттеу мәселесін қолға алды. Бұл жайында партия төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Сайлаушылармен жұмысымыздың басты өлшемі – адалдық пен уәдеге беріктік. Біз бұл қағидадан ауытқымауымыз керек. Мысалы, сайлау кезінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіру мәселесін қозғады. Біз бұл мәселенің өз құзырымызға кірмейтінін ашық айттық. Бірақ, ол өтінішті Мемлекет басшысына жеткізуге уәде бердік және уәдемізді орындадық. Кеше ғана Президент Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарының алдағы екі жылдың ішінде ашылатынын жария етті. Батыс өңірге барғанда, вахталық ауысымның уақытын реттеу туралы әңгіме болды. Біз бұл мәселені сол жақтағы алпауыт компаниялармен бірлесіп, мұқият қарастырып жатырмыз», - деді партия басшысы.

Сондай-ақ ол партияның сайлауалды бағдарламасында ауылға баратын жас медицина қызметкерлеріне 10 миллион теңге көтерме ақы төлеу міндетін қойғандарын еске салды.

«Ол да орындалу үстінде. Бұдан бөлек, халықты толғандырып отырған барлық мәселелерді партиялық жобаларымыздың аясында шешуге күш салып отырмыз. Өткен жылдан бері «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Жақында қаржы сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы басталды. Өзге де көптеген партиялық жобаларымыз бар. Бұл жобалардың барлығы да қарапайым азаматтар үшін жасалған», - деді Ерлан Қошанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521