Бүгін «AMANAT» партиясы Исатай аудандық филиалының төрағасы, аудан басшысы Полымбет Хасанов тұрғындардың жеке мәселелері мен өтініштері бойынша қабылдау өткізді.
Оған аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Әліби Хайдаров және құзырлы мекеме басшылары қатысты.
Қабылдауға жазылғандардың бірі аққыстаулық жеке кәсіпкер Тұрсынгүл Нығметова. Ол Егемен Қазақстан 8 а көшесінде орналасқан қоқыс жәшіктерінің тазармағанына екі аптадан астам уақыт өткенін және соның салдарынан сол маңда орналасқан кәсіпкерлік нысандардың зардап шегіп отырғандығын айтып, қоқыс жәшіктерінің орналасқан жерін ауыстыруды сұрай келіпті. Айтуынша, өзге мекемелерде кеңседен шыққан қоқыс қалдықтарын сол тұсқа тастай кететін көрінеді.
Партияның аудандық филиалы төрағасы көтерілген мәселенің шешімі ретінде сол маңда орналасқан барлық мекеме басшыларының, кәсіпкерлік нысан иелерінің қоқыс қалдықтарын шығаратын жеке кәсіпкермен келісім шартқа отыруына кеңес берді.
- Келісім шарт жасасу арқылы ғана сол маңдағы қоқыс жәшіктері уақытымен тазартылып отырады. Ол көшеде орналасқан ғимараттардың басым бөлігі кәсіпкерлік нысандар. Сондықтан келісім шарт жасасуға ешкімнің қарсылығы болмайды деп ойлаймын, - деді және Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевқа мәселенің орындалысын бақылауына алуды міндеттеді.
Аудан басшысының қабылдауына жазылған тұщықұдықтық Тұрсын Насенова аудан орталығынан фитнес-клуб және соның жанынан ерекше қамқорлықты қажет ететін 12 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығын ашқысы келетінін айтты. Кәсіп қылуға ниеттенген ол жергілікті билік тарапынан кәсібіне лайықты ғимаратпен қолдау болса деген өтінішін жеткізді. Алайда, аудан әкімі тұщықұдықтық тұрғынның бұл бастамасына қуанатынын жеткізгенімен, жеке кәсіп ашуға ниеттенген тұрғындарға ғимарат бөлу мүмкіндігі қарастырылмағанын ашып айтты.
- Бұл бастамаңыз өте жақсы. Себебі ауданымызда фитнес-клуб бұрын-соңды болмаған, қазірде жоқ. Мұндай орталықтар салауатты өмір салтын ұстанғысы келетін адамдарға арналғандықтан, олардың қызметтері әрқашан сұранысқа ие болатыны анық. Дегенмен бұл жобаны ұйымдастыру – өте қымбат, өйткені қажетті спорттық жабдықтардың өзі үлкен қаржылық шығынды талап етеді. Осындай ірі кәсіпті жолға қоюға ниеттенген сіздің бастамаңыз оң болсын деймін. Бірақ сіздің сұранысыңызға сай ғимарат беру мүмкіндігі қарастырылмаған. Тіпті, қазіргі уақытта аудан орталығында бос тұрған ғимарат жоқ. Соның салдарынан бірқатар мемлекеттік мекемелердің өзі тозығы жеткен ғимаратта отыр, - деді аудан әкімі.
Аталмыш қабылдау барысында бұдан бөлек, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке арналған қайтарымсыз гранттар, әлеуметтік төлем мәселелері бойынша да сұрақтар қойылып, заң шеңберінде жауап қайтарылды. Бірқатар мекеме басшыларына тұрғындар мәселелеріне орай арнайы тапсырма берілді.
Әділбек СЫРЫМОВ