Амангелдідегі кәсіпкерге кедергі келтірген кімдер?

Кәсіпкерлікке қолдау көрсету керектігі айтылғалы қашан?

Елбасы жариялаған мораторий, қазіргі Президенттен де қолдау тауып отырған шағын және орта бизнесті дамыту - өте өзекті мәселе. Дегенмен, ішінара кәсіп иелеріне қолдаумен қатар аяқтан шалып, кесірімізді тигізуге тырысып тұратын бұрынғы жаман әдеттен толық арыла қоймаған сықылдымыз. Оған "Nur Otan" партиясы Исатай аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Марат Мурзиевтің "Халыққа көмек" партиялық жобасы аясында аудан орталығынан шалғай орналасқан Исатай, Зинеден ауылдарындағы көшпелі қабылдауында көз жеткіздік.

nur100220

"Құрметті" жеке кәсіпкерлігінің директоры А.Кузьо Амангелді елді мекенінде орналасқан балық өңдеу цехына әртүрлі мекемелердің қайта-қайта тексеріс жасап, жұмыс жасауға кедергі келтіріп жүргендігі туралы аудан прокурорына шағымданды. «Ауыл халқына ризамын, цех маңында қанша құралдарым жатыр. Осыған дейін бір шегем де ұрланып көрген жоқ. Бұндағы адамдар өте қайырымды, қол ұшын беруге тырысып тұрады. Көлігің оталмай қалса да, жабылып келіп жәрдем береді» деген А.Кузьо кейбір «тексерушілердің» шектен тыс әрекеттері шаршатқанын айтады. Тіпті, жұмыс жасап жүрген бір-екі қызметкерін де алып кетіпті әлгілер. Алайда, жеке кәсіпкер ол адамдардың атын атап, түсін түстемеді. Не білмеді, не білмегенсіді. Бұның жеке сөйлесіп талқыланатын әңгіме екендігін сезген аудан прокуроры Руслан Айтимов кейін бұл жағдайларды анықтайтынын білдірді.

nur1002

Байқағанымыз, ауыл халқында бұдан өзге айтарлықтай мәселе жоқ сияқты көрінді. Рас, қай жерде де басты түйткіл болып тұрған баспана мәселесі бұнда да бар. Алайда, тұрғын үй жайы кезекке тұрумен ғана шешімін табатыны, қай азамат та кезегі келгенде ғана баспаналы бола алатыны белгілі. Ал, жағдайдың жаман еместігін ауыл ардагерлерінің бильярд, теннис үстелін, сондай-ақ ардагер өнерпаздарға музыкалық аспаптар алынып берілсе деген ұсыныстарынан байқадық.

«Екі ауылдық клубқа да автокөлік керек. Мәдени шараларда немесе конкурс-байқауларда қаладан шалғай орналасқан округ өнерпаздарына облысты айтпағанда аудан орталығына қатынаудың өзі оңай соқпай тұр» дейді қос клубтың директоры. Гагарин атындағы орта мектептің автокөлігі ескіруіне байланысты бала тасымалдайтын көлік алып берілсе деген де ұсыныс айтылды. Әйтпесе, тозығы әбден жеткен мәшине балаларды сабаққа алып келе жатып жолда бұзылып қалатынды шығарған.

qab-nur-1002

Мәдениет үйін салу, жастардың спортпен шұғылдануы мақсатында ауылдағы шағын футбол алаңына жасанды төсеніш (газон) төсеу, ауылдан спорт мектебін ашу, шашыраңқы орналасқан Затон, Каспий мөлтекауданы көшелеріне асфальт жол төсеу, секілді мәселелер де қозғады. Сондай-ақ, кейбір тұрғындардың өтініштеріне қолданыстағы заңнамалар аясында түсінік берілді. Қабылдаудан соң аудан басшысы Амангелді елді мекеніндегі балық өңдеу цехына барып, жұмысымен танысты.

Айта кетейік, аудандық партия филиалы төрағасы Марат Мурзиев пен оның бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы, аудан прокуроры Руслан Айтимов және бөлім, мекеме басшылары мен аудандық мәслихат депутаттары, "Nur Otan" партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Аманжол Рахметов, Нұрым Мусин Зинеден ауылында Зинеден, Исатай ауылдарының тұрғындарын қабылдады.

Жиында барлық тұрғындардың өтініштерін тыңдаған филиал төрағасы, аудан әкімі М.Б.Мурзиев тиісті бөлім басшыларына аталған мәселелерді нақты зерделеп, шешу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521