Ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толған шақта алғашқы саны жарыққа шыққанына 65 жыл болған оның төл басылымы туған жер тарихын хаттауға өзіндік үлесін қосқанын да аңдай түсеміз.
Газет беттерінде оның тұрақты авторлары талай мәрте осы төңіректе қалам тербеді. Сарғайған газет беттерінен алынып, оқырман назарына ұсынылып отырған төмендегі мақала соның бір дәлелі. Кезінде белсенді штаттан тыс тілшілеріміз болған авторлары Қ.Сапарұлы мен А.Қаражанұлы бүгінде ортамызда жоқ, осыдан он тоғыз жыл бұрын жарық көрген бұл жарияланым тарихымызға тереңірек үңілуімен құнды.
ГАЗЕТ РЕДАКЦИЯСЫ
Өткен жылы ауданның алғашқы құрылғанына 70 жыл толуына орай, оның тарихына байланысты біраз материалдар жарық көрді. Жазылмаған, зерттей беруді қажет ететін тақырыптар әлі де аз емес. Солардың бірі Қамысқала тарихы деп білеміз. Және біз білетін үш ұрпақтың құт мекені болған, елдік, ерлік тарихы төрткүл дүниеге мәшһүр бұрынғы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының орталығы болған Қамысқаланың (қазіргі Хамит Ерғалиев ауылы) еліміздің тарихынан алатын орны ерекше бөлек деп есептейміз. Осы ауылдың көшесінде асыр салып ойнап, балалықтың бал дәуренін өткізген мектебінде (Амангелді атындағы) біліммен сусындаған біздер үшін кезінде ауданымыздың үлкен қара шаңырағы болған Қамысқаланың орны, аты, абыройы, кешегісі мен бүгінгісі ерекше ыстық болады да тұрады. Сондықтан тұнығын ішіп, тұнбасын лайлаған, ерлік тарихын сан мың ұрпақ санасына сіңіре жүріп есейген осы қасиетті елді мекен жайында білгенімізді айтуды өзіміздің азаматтық борышымыз деп санадық. Хамаң (марқұм Хамит Ерғалиев) өзінің туған ауылы Қамысқала қақында:
Екі ғасыр тарихы естен шығып, Қоя қоймас бір шетте қағыс қала, - дегені бар ғой. Осы Хамаң айтқан екі ғасырлық тарихын білмесек те, оның беріректе іргесінің қалай қаланып, бой көтергендігі жайлы қарттардан естіп-білгендерімізді қағазға түсіруді жөн көрдік. Новобогат ауданының үшінші рет шаңырақ көтеруіне орай, 1980 жылдардың басында Хамаң аудандық газетте «Қамысқала қақында» атты жиырма шақты ғана жолдан тұратын шағын өлеңін жариялатқаны белгілі. Сол өлеңінің мәтініне үңілсек, кердері Наурызғали деген азаматтың қозыны қаны жұққан қоржынына нан салып жүріп тірлік-қарекет жасағанын, орыс-қазақ бірігіп тары шашқандығын, саман мен қамыстан үй салғандығын, соған қажетті төбе жабындысына талдарды қоңыр өгіз, сары үлекпен тасығандығын білеміз. Өлеңде Қамысқаланың сол кезде осы өңірдегі алғашқы қоныс тұрақ ретінде салынған елді мекен, сауда-саттық орталығы болғандығын, үйлері көз тарта қоймайтындай, сүреңсіздеу тоқал тамдар екендігін айтқан.
Хамаң айтқан осы Қамысқаланың алғашқы тұрғындары кімдер болды, олар сауда-саттық пен тары егуден басқа қандай кәсіппен айналысты, ол жөнінде деректі мәліметтер таба алмадық. Бөкей ордасы бой көтергеннен кейін (Кіші Орда деп те атайды) бұл өңірді зерттеушілер аз болмады. Бөкей ордасының географиялық картасын жасаған өз елінде шет қақпай көрген белгілі орыс зиялысы Г.С.Карелин, "Жасқұста" хан резиденциясының негізін қалаған, Кіші Орданың топонимикалық картасын сызған инженер-топограф Тафаев, осы өңірді зерттеген саяхатшылар Е.П.Ковалевский, оқымысты-ғалым В.Даль, шығыстану-шылар В.В.Григорьев пен П.И.Небольсиндер,Тарту университетінің профессоры Ф.Гебельдің жүргізген зерттеулері мен жазған еңбектерінде Индер тауы, Каспий теңізі жағалауы мен Пешной аралшығында, Яманка бекіністерінде болғандықтары айтыла тұрса да, Қамысқала жайлы ешқандай дерек келтірілмейді. Жәңгірдің жүргізген жер реформасына сәйкес (өзі Қамысқаладан қолсозым арқада-20 шақырым жердегі «Тасоба» маңында мекендеген) осы аймақтағы жерді бөлу және бақылау құзырына ие болған Қойыс та, оған байланысты айтылатын әңгімелерде де Қамысқала жайында ләм-мим делінбейді. Қойыс өмірден 1845 жылы өтті делінеді. Жоғарыдағы айтылған орыс оқымыстылары мен саяхатшылары өздерінің зерттеу және жазба жұмыстарын 1850 жылдарға дейін атқарып бітіргенге ұқсайды. Осыларды негізге алсақ, Қамысқаланың Хамаң айтқан іргесінің көтерілуі 1850 жылдардан кейін болғанға келіңкірейді.
Ал Қамысқаланың Новобогат деген атауы қалай дүниеге келгендігі жөнінде әркім әр түрлі айтады. Біреулер 1850 жылы атаман Негайдың баскесерлері ежелгі Қамысқала халқын тонап, қырған, молаларды бүлдірген. Сонда молалардың бірінен бір сандық алтын табылыпты. Оны әлгі баскесерлер әкете алмай, сол маңға көміпті. Сол баскесерлерден көмілген алтынды әкетпекке келген Новиков, Выборнов, Богатиков деген үшеу Боқсақ өзегінен өте алмай, сол маңға қоныпты. Кейін осында қоныстанып, осы үшеуінің фамилиясынан құралып, Қамысқала Новобогат аталған дейді. («Атырау»,№71,18.06.1998ж). Ал өлкетанушы, тарихшы марқұм Намазғалиев Мүстажап Новобогат аты мұнай кен орнының ашылуымен, жаңа байлыққа қол жеткізілуімен қойылған атау деп көрсетеді.
Қарасай САПАРҰЛЫ,
Аманбай ҚАРАЖАНҰЛЫ (Жалғасы бар)