«Ән айтсам, тынығамын»

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» - деп, Абай атамыз айтқандай, кейде жақсы ән ести қалсақ, қайран қалып, таң-тамаша болатынымыз бар.

Дауысы бар әншілер сол әндерді орындау арқылы жүректі тербетіп, жан сарайыңды шаттыққа толтырады. Сондай бұлбұл дауысты әншілердің бірі - Х.Ерғалиев ауылында тұратын Ақтолқын Нигметова.

Ақтолқынның репертуарында қазір 500-ге жуық ән-термелер бар. Тамаша дауыс иесі бұған дейін көпшілікті таңғалдырумен келеді. Себебі, қаншама жыл өтсе де, бұлбұлдай дауысының әлі күнге дейін бояуы бұзылмаған. Өзіне тән ерекше үні өзгеге ұқсамайды. Ән айтумен қатар, бүкіл аспаптарда шебер ойнайтын тума талант иесі. Оның бүгінде аудан, облыс деңгейінде алған марапаттары мен жетістіктері өте көп.

«Шығармашылық жұмыстар бойынша алда көптеген жоспарлар бар. Жуық арада отбасылық концерт берсек деген ойымыз бар» - дейді, Ақтолқын.

«1998 жылдан бастап жанұялық ансамбль болып, халыққа қызмет ете бастадық. Содан бері, халықтың той-қуаныштарын бөлісіп, өнер сыйлаудан шаршаған емеспіз. Ұл-қыздарымыз да өнердің ортасында жүріп өсті. Қазір мүше құрамында өзімізбен бірге «Шұғыла» атты бишілер тобымыз да бар», - дейді әнші.

Өзінің айтуынша, көбінесе жай әндерді айтқанды ұнатады. Соның ішінде ең сүйіп орындайтын әні «Мен сыйға тартқан орамал». Жергілікті халық бұл әнді Роза Әлқожаның емес, Ақтолқынның орындағанына тәнті болады. Нәзік дауысы бойды бірден баурап әкететін әнші ән айтқан кезде қандай әсер алатынымен бөлісті.

«Мен кішкентай күнімнен бастап ән айттым. Ән айтқан сайын шерімді тарқатып, өнерге деген сағынышымды басамын. Ән айтып тұрып, терең сезімге беріліп кетемін және аспанда қалықтап бара жатқандай ләззат сезінемін. Ән айту арқылы тәнімді тынықтырып, ішкі дертімді емдеймін» - деді.

Кейіпкеріміздің әншілігімен қатар, ара-тұра өлең жазатын ақындық қабілеті де бар. Өзінің айтуынша, ақындық оған әжесінен дарыған. Ол бала күнінде әжесінің бауырында болыпты. Ал, әжесі сөзге шешен, ақынжанды кісі көрінеді. Ақтолқынның әжесінен көп өнеге үйренгені, бойына біткен осы өнерінен-ақ көрініп тұр. Ақтолқынның жуық арада жазған, әлі сиясы кеппеген «Ұнатамын көктемді» жыр шумақтарынан оқырмандарға үзінді ұсынғанды жөн көрдім.

 

Ұнатамын көктемді

Ұнатамын тамылжыған көктемді,

Қызыл, жасыл гүлге оранған көк белді.

Ақша бұлттар түйдектеліп мақтадай,

Көк аспаннан жылы жаңбыр төккенді.

Жылы жаққа ұшып кеткен күздегі,

Оралды да тырналардың тізбегі.

Қанат жайып көл бетіне қонақтап,

Былтыр қалған жылы ұясын іздеді.

Сағымданып қыраттардың етегі,

Салқын самал баяу ғана еседі.

Жұпар иісін кеуде кере жұтып ап

Ән шырқағым кейде келіп кетеді.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521