Көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнін исатайлықтар биыл жоғары деңгейде атап өтті.
Мерекеге орай, кеше Тұщықұдық ауылындағы Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде аудан басшысы Полымбет Хасановтың «Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік қабылдауы ұйымдастырылды. Аудан әкімінің қолдауымен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен қолға алынған мерекелік шараға түрлі салада абыройлы еңбек еткен, қазіргі таңда зейнеткер жасындағы әзиз әжелер, бүгінгі күні де лайықты қызмет атқарып жүрген бір топ аяулы аналар мен қыз-келіншектер жиылды.
Мейірімділік пен сұлулық салтанат құрған бұл күні аудан әкімінің қабылдауына орай мерекелік дастархан ұйымдастырылып, аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасы жиналғандардың назарына ұсынылды.
Шара шымылдығы талайды биімен тамсандарып жүрген үлгілі «Аққайың» би ансамблінің орындауындағы «Ана мен бала» музыкалық композициясымен ашылды.
Мұнаң соң, қуаныш иелерін құттықтаған аудан әкімі Полымбет Хасанов қоғамдағы әйел затының рөлі жайында ойын ортаға салып, ізгі тілегін жеткізді.
- Құрметті аяулы аналар, қадірлі қыз-келіншектер! Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер отбасының берекесі, мейірім мен шуақтың, әсемдік пен әдеміліктің бастауысыздар. Қазақ тарихының қай кезеңінде болмасын, аналарымыз асқан ерлігімен қатар, өнегелі істерімен дараланып отырған. Әрбір шаңыраққа жылылық сыйлап жүрген аяулы жандарымызға зор құрмет көрсету – парызымыз. Осы мақсатта бүгін сіздермен бас қосып, мерекелеріңізбен құттықтап, қуанышты көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Жүректері мейірімге толы аялуы аналарымыз бен қадірлі қыз-келіншектерге деген құрмет бір күнмен шектеліп қалмайды. Сіздерге деген ықылас, құрмет өлшеусіз, - деген аудан әкімі қабылдауға келген әйелдер қауымына мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын және өзінің алғыс хатын ұсынды.
Аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев те ортаға көтеріліп, барлық аналар мен аруларды төл мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.
Өзге мерекелерден ерекшеленетін Халықаралық әйелдер күніне арналған жиын аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік бағдарламамен жалғасты. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген ананы ұлықтаған мерекелік қабылдауда үлгілі «Аққайың» би анмсаблі, «Әжелер» ансамблі, жергілікті жігіттер квартеті, көрші ауданнан келген «Таңдай» триосы, Руслан Бермағамбетов, Айдар Бекетов, Нұрбол Қалидолла, Айкөркем Сүлейменова, Сәуле Исақызы сынды өнерпаздар жылы лебіздері мен әдемі әндерін әйелдер қауымына арнады. Әсіресе, «Менің анам алтын», «Дүнген қыз», «Гүл сыйлайық анаға», «Қыздар-ай», «Анашым», «Бақытты әйел» секілді әуелеген әуезді әндер мереке иелерін ерекше қуанышқа бөледі.
Есесіне, жанбайлық зейнеткер, батыр ана Мәдина Бекенова, Қамысқала ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Күләш Нұрманова және аудандық полиция бөлімінің әкімшілік тәжірибе тобының аға инспекторы, полиция майоры Жанаргүл Дәулеткереева өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге орай оздырылған бұл күннің әсерлі болғанын атап өтіп, шараға мұрындық болған аудан басшысына алғыстарын жаудырды.
Әйелді бақытқа жетелейтін де, бақытты қылатын да арманы. Ауданымыздың барша әйелдер қауымы сол бақытқа қол созып, ерлермен қатар түрлі салада табысты еңбек етіп келе жатыр.
Ендеше, барша әйелдер қауымының мерекесі құтты болсын!
Әділбек СЫРЫМОВ