Бүгін Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде орналасқан №130 сайлау учаскесіне аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Хайрулеева өз таңдауын жасау үшін арнайы келді. Бұл күні оның жанында үш бірдей қызы да болды. Сайлау күні мен бүгінгі Аналар күнінің дәл келуі – бұл отбасы үшін ерекше символикалық маңызға ие.
Халық қалаулысы қыздары Гүлайхан, Ақнұр және Милана Нұрсұлтановалармен бірге дауыс беру учаскесіне ерте келіп, белсенділік танытты. Олар дауыс беру кабинасына кезекпен кіріп, өз таңдауларын жасады. Анасының бұл қадамы – бала тәрбиесіндегі үлкен өнеге, ел тағдырына бейжай қарамауға шақыру.
– Осындай маңызды саяси оқиғадан қалыс қалмау – әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Егемен елімізде тыныштық пен татулық салтанат құрса екен деймін. Қыздарым да бұл сәттің маңызын сезінсін, болашақта дұрыс таңдау жасай білетін саналы ұрпақ болып өссе деймін. Өйткені болашақ – осы жастардың қолында. Сондықтан олардың ерте жастан шешім қабылдауға үйренуі маңызды,-дейді Нұргүл Хайрулеева.
Аналар күнінде ана мен қыздардың сайлау учаскесіне бірге келуі – бұл отбасы құндылықтарының, елдік мұраттың, ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Бұл – ел болашағына деген сенім мен үміттің белгісі.
Мұндай жауапкершілікке толы қадам – өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР