Әзиз әжеге,ардақты анаға,аяулы қыз-келіншектерге ақжарма тілек ақтарылған күн

Мерекеге орай Аудан әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен Исатай аудан әкімі Нұрым Мусиннің «Адамзаттың асылы-Ана деген құдірет» атты қабылдау кеші өткізілді. Бұл мерекелік шараға түрлі салада абыройлы еңбек еткен, қазіргі таңда зейнеткер жасындағы әзиз әжелер, бүгінгі күні де лайықты қызмет атқарып жүрген бір топ аяулы аналар мен қыз-келіншектер жиылды.

Мейірімділік пен сұлулық, әсемділік  үйлесімдік тауып, салтанат құрған бұл күні аудан әкімінің қабылдауына орай мерекелік дастархан ұйымдастырылып, аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасы жиналғандардың назарына ұсынылды. Шара шымылдығы «Бақыт деген не?» көрінісімен бастау алса, Жанбай мәдениет үйінің қызметкері, әнші Айдар Бекет әнімен шашу шашты.

Одан соң, қуаныш иелерін құттықтаған аудан әкімі қоғамдағы әйел затының рөлі жайында айта өтіп, ізгі тілегін жеткізді.

- Құрметті аяулы аналар, қадірлі қыз-келіншектер! Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер отбасының берекесі, мейірім мен шуақтың, әсемдік пен әдеміліктің бастауысыздар. Қазақ тарихының қай кезеңінде болмасын, аналарымыз асқан ерлігімен қатар, өнегелі істерімен дараланып отырған. Әрбір шаңыраққа жылулық сыйлап жүрген аяулы жандарымызға зор құрмет көрсету – парызымыз. Осы мақсатта бүгін сіздермен бас қосып, мерекелеріңізбен құттықтап, қуанышты көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Бүгінгі шараның мақсаты – аяулы аналарымыз бен қадірлі қыз-келіншектерге деген құрмет!Әрине,бұл бір күнмен шектеліп қалмайды. Сіздерге деген ықылас, құрмет өлшеусіз. Қазіргі атқарушы билікте осы әйел адамдардың саны күннен-күнге көбейіп келе жатыр.Қоғамда өзіндік орындарыныз да ерекше,рөлдеріңіз де зор. Лайым тек жақсы жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін, - деген аудан әкімі қабылдауға келген әйелдер қауымына облыс әкімі Алғыс хаты  мен қоса медаль табыстап, мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын және де өзінің алғыс хатын ұсынды.

Келесі құттықтау сөз кезегі Исатай аудандық сот төрағасы Мирлан Құсайнов, ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің Исатай аудандық бөлімшесінің бастығы Еділ Мұхтаров, Исатай аудан прокуроры Асылан Тұрғанов, Исатай аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Бимұхановқа беріліп, олар кеш қонақтарына жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов ортаға шығып, барлық аналар мен аруларды төл мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.

Өзге мерекелерден ерекшеленетін Халықаралық әйелдер күніне арналған жиын аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік бағдарламасымен қоса отандық өнім сән үлгісіне кезек берілді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.

Сондай-ақ, аудан әкімі орынбасары Нұрғайша Әбежан да кезекті марапатын легін жалғастырды.Әрі кеш сәнін кіргізген, жеке брендін қалыптастырып, көптің көңілінен шығып, отандық өнімімен танымал сән үйінің құрылтайшылары да елеусіз қалмай, сый-сияпаттар ұсынылды.

 Ауданымыздың барша нәзік жанды қыз-келіншектері үйдің тірлігі мен қоса қызметті де өрге дөңгелетуде. Осылайша, бақытқа қол созып, ерлермен қатар түрлі салада табысты еңбек етіп келе жатыр. Ендеше, ардақты аналар,аяулы арулар төл мерекеміз құтты болсын!

 

Сағыныш ҚАЙЫР 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521