Аналарға құрмет көрсетілді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сыйынар ем, ана деген тәңірге» атты аналар мен қыздарға арналған кездесу өтті.

Мерекелік кеште жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Балмурзин нәзікжандыларды мерекемен құттықтады.

Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Гулбану Кабулова қоғамдағы әйел затына қатысты өзекті мәселелер жөнінде ойларымен бөлісті. -«Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмір­лік тәжірбиесін үйретіп, бағыт-бағ­дар нұсқап отыратын енеге де байланысты. Менің екі келінім бар, оларды қызымдай жақсы көріп, жақын тартамын. Бірі қаланың қызы болса, бірі ауылдың қызы. Қарап тұрсаң, екеуінде айырмашылық бар. Ауылдың қызы сондай ибалы, инабатты, кісі көңілін жықпайтын, шаруаға да икемді болып келеді. Ал, қаланың қызы кішкене тік мінезді, тұспалдап сөйлеген сөздерді аңғармайды. Бірақ та екеуін бөле-жармай, бірдей тәрбие беріп, қате кеткен жерлері болса, кешіріммен қарап, жақсылығын асырып, қателіктерін жасырып жүрген енелердің бірімін. Жасыратыны жоқ, көбінесе, шаңырақтың ұйытқысы болатын – ол ана, келін. Сондықтан әр ене мен келін арасында татулық, бірлік, сыйластық болуы қажет,-дейді ол.

Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тілі – қай тілде шықса, сол ұлтқа қызмет ететіні анық. Осы тақырып төңірегінде алаңдаушылығын жеткізген, ардагер ұстаз Лиза Мутянова былайша мәлімдеді.

 - Қазіргі уақытта кішкентай балалар орыс тілінде сайрап тұрғаны жалған емес. Сонымен бірге, отбасында екі тілде сөйлеу де, баланың тілін бұрмалап, қазақша сөйлемдерді түсініп, айта алмауына әсер етеді. Тіпті, басқа өңірді есептемегеннің өзіңде, Аққыстау ауылының өзіңде бастауыш сынып оқушылары өз ойын қазақша жеткізе алмайды немесе дұрыс сөйлем жазып та білмейді. Менің жастарға айтатыным: балаларға ертегі айт, қазақша кітап оқы, қазақша мультфильм көрсет, яғни баламен тығыз жұмыс жасап, ауызекі тілде сөйлесіңіздер, сонда ойларын ашық жеткізе алатын болады-дейді ардагер ұстаз. Сондай-ақ шарада Аналар кеңесінің төрайымы Нурия Хайдар өмірден түйген ой-пікірлерімен бөлісті.  Мерекелік кездесу әсем әнмен қорытындыланып, келген меймандарға сый-сияпаттар ұсынылды.

                                                                                                    Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521