Күні кеше Павлодар қаласында өткен кіші жасөспірімдер арасындағы дзюдо күресінен Қазақстан чемпионатында исатайлық спортшы Анель Серікқали үздіктер қатарында болып, қола медаль иеленді.
Осылайша ел біріншілігінде Атырау облысы құрамасы сапында өнер көрсеткен «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының түлегі 63 келі салмақ дәрежесінде жүлдегер атанып, ауданның ғана емес, облыстың да абыройын асқақтатты.
Жас спортшының бапкері бізбен болған әңгімесінен аңғарсақ, күрес алаңына сенімді қадаммен шыққан Анельдің әр қозғалысынан тиянақтылық пен дайындықтың ізі байқалған. Қарсыластарын бірінен кейін бірін тізе бүктіріп, тактикалық дәлдік пен төзімділікті қатар ұштастырған жас спортшы ел біріншілігінде өзінің әлеуетін толық көрсете білген. Міне, ол соңғы белдесуде тәжірибелі қарсыласымен кездессе де, уақыт таяғанша дейін күресіп, жеңіске деген жігері арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Анель дзюдоға алғаш 1-сыныптан бастап келген. Бала кезінен спортқа бейім, батыл әрі мақсатшыл болатын. Оның алғашқы бапкері Эльдар Сатанов спорттың әліппесін үйретіп, тәртіп пен төзімділіктің мәнін түсіндірді. Қазір ол Атырау қаласындағы мектеп-интернатта білім алып, бапкері Тұрар Ризуановтың жетекшілігімен жаттығуын жалғастырып жүр. Екі бапкердің де қамқорлығы мен бағыт-бағдары – оның бүгінгі жетістігінің негізгі іргетасы.
– Бұл жеңіс маған жауапкершілік пен алға қарай ұмтылыс берді. Өз еңбегімнің жемісін көру – үлкен сый. Чемпионатқа дайындық өте жоғары деңгейде өтті, дайындаған ағайларыма алғыс айтамын. Қазіргі мақсатым – үлкен додаларда жақсы нәтиже көрсетіп, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтау. Тек Қазақстанды емес, әлемді бағындыру, – дейді жас спортшы.
Бұл жүлде – оның жылдар бойғы маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Әрине, оған бапкерлердің де үлесі зор. Соның бірі алғашқы жаттықтырушысы Эльдар Сатанов шәкіртінің еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
– Анель – өте еңбекқор әрі дзюдоға деген ынтасы бала кезден басым болатын. Біз дайындықты жаз айларынан бастап жүйелі түрде жүргіздік. Аптасына бірнеше рет жаттығу жасап, техникасы мен физикалық төзімділігін арттыруға көңіл бөлдік. Әр жарыс алдында тактикалық дайындық пен психологиялық тұрақтылық басты назарда. Павлодардағы чемпионатта ол өз мүмкіндігін толық көрсетті. Кей сәттерде тәжірибелі қарсыластарға тап болғанымен, еш тайсалмай, соңына дейін күресті. Бұл – нағыз спортшыға тән қасиет. Болашақта Анельдің әлеуеті зор деп сенемін, – дейді ол.
Анельдің бұл жетістігі – аудан спорты үшін де үлкен қуаныш. Қарапайым ауылдан шығып, ел чемпионатында жүлдегер атану – еңбек пен төзімділіктің көрінісі. Оның күрес алаңындағы әрбір жеңісі аудан жастарына шабыт беріп, спортқа жаңа серпін сыйлады.
Камилла Какимқызы