Аптаға жетпейтін уақыт қалды. Газетке жазылыңыз

Қай жұмыстың да нәтижесі көрінер уақыт жақындаған сайын көңілді үміт пен күдік қатар билеп алатыны рас.

Түгесілуге таяу қалған баспасөзге жазылу барысындағы көңіл-күй де солай. Сол үміт пен күдік жетегінде аудандық пошта байланысы мекемесінен қарашаның 19-ы күні ертелете алынған мәліметтерге үңілдік.

Онда көрініс тапқанындай, сол сәтке дейін барлығы 1422 данаға жазылу жүрген болып шықты. Әрине, оның ішінде ауылдық округтер бойынша өткен жолғы мәліметке еш өзгеріс енбегендері де, төрт күнде жүзден астам адам жазылып ерлегендері де бар.

Білгеніміздей, қамысқалалық шаруагер, аудандық мәслихаттың депутаты Әнес Сидеғалиев бәрекелді дегізер бір іс қылыпты. Алдыңғы жылдары да ауылдастарының рухани азықтан кенде қалмауына қолғабыс етіп жүрген азамат осы жолы 15 ауылдасын «Нарын таңына» өз қаржысы есебінен және жаздырыпты. Бұған дейін ауылдастарын жазылуға жанашырлық жасауға шақырып, өзі Аққыстау және Тұщықұдық ауылдық округтерінен аз қамтылған 20 адамды жаздыртқан аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Алмас Аманбаевқа бек разы болған біздің оның әріптесі Әнеске де алғысымыз көп.

Иә, жақсылық, жанашырлық дегеннің үлкен-кішісі, аз-көбі жоқ. Оның негізінде ниеттің ақтығы, көңілдің кеңдігі, пейілдің жомарттығы, адамның мәрттігі жатқаны анық. Ал оның бір көрініс табар тұсы аяқталуына аптаға толмайтын уақыт қалған баспасөзге жазылу науқаны десек болғандай. Сондай-ақ, жазылуға келгенде құнтсыздыққа салынып, әлі де уақыт бар ғой жүріп қалған ауылдастарымыздың да жазылып қалуға асыққандары жөн болар еді.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT