Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Х.Ерғалиевтың 105 жылдығына арналған көркемсөз сайысы өтті.
Онлайн түрде өткізілген байқауда қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Олар байқау талабына сай бірінші Х.Ерғалиевтың бір өлеңін жатқа айтып, прозалық шығармасынан үзінді оқуға міндеттелді.
Аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Шагиров, тіл маманы, Новобогат орта мектебінің мұғалімі Б.Төлеуова, ақын, «Нарын таңы» газетінің тілшісі С.Панабердиевтер қазылық еткен сайыста 14-17 жас аралығында Зиноллин Айтілек (Нарын ауылы) жеңімпаз атанса, Жәнібек Айдос (Аққыстау ауылы) екінші, Қамзиқызы Сания (Х.Ерғалиев ауылы) мен Алхамова Елназ (Зинеден ауылы) үшінші орындарды қанжығалады.
Ал, 18-26 жас аралығындағы сайыскерлерден Абатова Райхан (Исатай ауылы) бірінші орынды еншілеп, Баделова Таңшолпан (Тұщықұдық ауылы) екінші орынға ие болды. Жанбай ауылының өнерпазы Ануарбекова Жұлдыз үшінші орынға тұрақтады.
Қос жеңімпаз осы сайыстың облыстық кезеңіне жолдама алды. Сондай-ақ, жеңімпаз, жүлдегерлер арнайы марапатқа ие болып, ақшалай сыйлықтар да табыстады.
Серікбол БЕРІКБАЙ