Елімізде соңы дүрбелеңге ұласқан бейбіт шеру газ бағасының көтерілуінен басталды. Қазір жағдай тұрақталып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін түсті.
Біздің ауданда да осындай бағамен сатылып жатыр.
Шыны керек, бұған дейін жанар-жағармай бағасының көтерілуі салдарынан көптеген қызмет түрлері мен азық-түліктің қымбаттап кетуі бірнеше рет қайталанып, бұл бір заңдылық сияқты санамызға сіңіп қалған болатын. Енді газ бағасының түсуі нарықтағы тауарлар мен қызмет түрлерінің арзандауына алып келеді деген көпшіліктің үмітін оятқаны жасырын емес. Ол үміт қашан ақталады, уақыттың еншісінде.
Әзірге ауданымыздың кейбір ауылдық округтерінде такси қызметінің бағасы төмендеді. Мәселен, бұрын «Жанбай – Атырау» бағытына қатынайтын таксидің жолақысы 2000 теңге болса, қазір 1500 теңгеге, ал «Аққыстау – Атырау» жолақысы 1500 теңгеден 1300 теңгеге түсті. Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Нарын, Зинеден, Исатай ауылдарында такси бағасы бұрынғыдай. Олардың айтатын негізгі уәждері – жолдың нашарлығы, қосалқы бөлшектердің, азық-түлік, киім-кешек, жалпы базардағы бағаның қымбаттауы.
Қазір ауданда ауылдардан қалаға қатынайтын такси көліктерінің көбі газбен жүреді, бірақ 100 пайызы емес. Әйтсе де, такси бағасының түсуі, әсіресе, жағдайы төмен отбасыларға, апта сайын келіп-кететін студенттерге қолайлы болмақ.
Берікбол ҚОНАРОВ