Аққыстауда 197 отбасыға 2 млн. 121 мың теңге көлемінде азық-түлік таратылған

«Біз біргеміз!» атты республикалық акция елдің қай өңірінің болмасын ақжүрек азаматтарын бейжай қалдырған жоқ.

Аты айтып тұрғандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды мақсат тұтқан акция аясында көптеген көмекке мұқтаж жандар азық түліктер мен тұрмысқа қажетті заттармен қамтылып, моральды-материалды қолдау тапты. Осы ниетте Аққыстау ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ақжол Елеубаевқа жолығып, төтенше жағдай кезінде жарияланған акция кезінде ауылдық округ аумағында атқарылған қайырымдылық шаралары жайлы сұрағанбыз.

aqq-q19

– Бізге жыл сайын жағдайы төмен отбасылардың тізімін сұрап тұрақты түрде келіп тұратын жекелеген азаматтар аз емес. Мақсаттары - әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларды азық-түлікпен қамту. Алайда, «бір қолың бергенді бір қолың көрмесін» дегендей, жариялап жатуды жөн көрмейді. Ал, осы жолғы көмек қолын созамын деушілердің қатары жылдағыға қарағанда өте көп. Бұлар - ауылдық жағдайы төмен отбасылар жайлы ақпарат алуда біздің көмегімізге жүгінгендері. Жоқ-жітік жандарды өздері тауып алып жәрдемдесіп жатқандары қаншама? Осы бір ай көлеміндегі уақыттың өзінде Аққыстау ауылдық округінде 197 отбасыға демеушілік арқылы жалпы сомасы 2 миллион 121 мың 500 теңге көлеміндегі қаржыға азық-түлік себеттері таратылды, - деген Ақжол Елеубав қайырымдылық көрсетуге ниетті жандардың әлі де толастамағанын қуана жеткізді.

aqq-1905

Қайырымдылыққа үлес қосқандардың ішінде, аудандық прокуратура, «Сазанқұрақ» ЖШС, «Патенциал Ойл» ЖШС, сондай-ақ «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнайшылары және «Арнаулы көліктер цехы» ұжымы, Исатай БЖСМ, «Барыс» клубы, «Нұршуақ», «Өркен» бөбекжай-бақшалары, «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры мен «Isatay ayala» қайырымдылық тобы кәсіпкерлер мен жекелеген ерікті азаматтар бар. Иә, бергенін бұлдап, жасағанын жарнамалау қолда тұрған сауабыңнан айыратын дүние екенін білетін азаматтар қылған қайырымдылықтарын жарияға жар салғысы жоқ. Дегенмен, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бір жағынан мерейлерін өсіріп, екінші жағынан өзгелерге көркем насихат болсын деген мақсатта газет бетіне жариялап, өзге азаматтарға да ой салсақ деген ниет танытып тұратынымыз рас. Бұған ойлы оқырман түсіністік танытады деген пікірдеміз.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521