Бірер ай бұрын аудан орталығынан ашылған «Есенов» жеке кәсіпкерлігінің төмен бағадағы жеміс-жидектер дүкені тұрғындар үшін өте тиімді болып отыр.
Аққыстау ауылдық округінің теңгеріміндегі ғимаратты сенімгерлік басқаруға алған жеке кәсіпкерлік жетекшісі С.Есенов тұтынушыларға қолжетімді баға мен сапалы қызмет ұсынуда. Жабайы базардағыдай емес, тап-таза, қоңыр салқын дүкен ішінде жемістер бөлек, көкөністер бөлек сортталып, арнайы жәшіктерде сап түзеп тұр. Санитарлық жағынан да сақадай сай. Кең, жарық әрі жайлы дүкен ішінен қалаған өніміңді емін-еркін аралап жүріп ала аласың. Бағалары да тәп-тәуір. Тіпті кейбірінің тым арзан екендігін көріп, себебін сұрадық.
– Өнімдердің арзан бағаға ұсынылып отырған бір себебі – біз жеміс-көкөністерді басқа кәсіпкерлер секілді Атырау қаласынан емес, Ресей елінен, сондай-ақ Шымкент қаласынан делдалсыз тіке алдырамыз. Бір жағынан халыққа да тиімді болсын деген мақсатта бағаны бірқалыпты ұстап отырмыз. Есесіне келген тауарларымыз кідіріп жарымайды. Кеше ғана бір үлкен жүк мәшинесімен түсірілген көкөністер әп сәтте азайып қалды, - дейді жеке кәсіпкерлік жетекшісі С.Есенов.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов алдағы уақытта аталған кәсіпкерлікпен тұрақтандыру қоры арқылы арзандатылған өнім ұсыну да жоспарда бар екендігін айтады.
Бұған дейін басқа кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген бұл ғимарат біраз уақыт бос тұрып қалған көрінеді. Нысанды С.Есенов қолға алғалы бұл орын енді ғана өз үйлесімін тапқан секілді. Қайта жаңғыртып, керекті құрал-жабдықтарын түгендеп, ғимараттың бір бөлігін көкөніс дүкені, қалғанын қойма ретінде пайдаланып отырған кәсіпкер өз қалтасын қампайту ғана емес, халыққа да пайдам тисе деген ниетте екендігін жасырмады.
Айта кетсек, жеміс дүкеніндегі бір келі картоптың бағасы сортына қарай 140/215 теңге аралығында. Ал, қызанақтың келісін 300/400, алманы 470/540, алмұртты 630, капустаны 90, қызылшаны 115 теңгеден ала аласыз.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ