Аққыстаудағы бітпеген саябақты бүлдірген кімдер?

Аққыстау ауылында құрылысы аяқталып үлгермеген «Жастар саябағындағы» киіз үй пішініндегі сахнаның әлдебіреулер жұлым-жұлымын шығарған.

Былтырғы Жастар жылынан ауыл жастарына сый болсын деген мақсатта қолға алынған саябақтың құрылысы аяқталуын күтпестен нысанды бүлдіруді жастардың өздері бастап кетіпті. Бірен-саран «құмалақ» үшін бәрін кінәлау артық та шығар. Дегенмен, бұндай тәртіпсіздікке жастар ғана емес, тұтас ауыл кінәлі. Өйткені, онсыз да жамап-жасқай алмай жатқанда бір шетінен қиратып, бүлдіруге жол беріп қойып, қол қусырып қарап отырған - сіз бен біз.

sa0302

Мәселенің мән-жайын білмек болып Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевпен тілдестік. – Жасалып жатқан жұмыс жоқ емес. Қадари-халіміз келгенше көгалдандыру, абаттандыру секілді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселе соны ұстап, тұтуда болып отыр. Аққыстаудың орталығындағы дәл осы саябақты Тұщықұдықтан не болмаса Қамысқаладан келіп біреу бүлдіріп жатқан жоқ. Бәрі осы ауылдың жастары - өзіміздің балаларымыз. Сонда бұл жұмыстар кім үшін жасалып жатыр? Соны неге түсінбейміз? Ата-аналары неге айтпайды, таңым бар, - дейді ауыл әкімі. Оның айтуынша, сахнаның қабырғасын қаптаған жабынды біреулер күштеп жыртып, әдейі қаскөйлік қылған. Ауылдың қақ ортасында мемлекет мүлкін атасының ақ құны кеткендей бүлдіргендерді ешкім көрмеген. Білгеніміздей, жұмысы бітіп қабылданбаған нысанның белгіленген күзетшісі де жоқ. Ауылдың көрнекі жерінің бәріне бір-бірден күзетші қоятын арнайы штаттың жоқтығын айтқан Ғаділ Боранбаев тұрғындардың санасының төмендігіне налиды. – Ауылдың тазалығын сақтамау, малдың көшелерге жайылуы, ескерткіш тақта мен жарық шамдарын сындыру секілді фактілерді тізіп айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімізбен, бұл әрекетіміз әзірге нәтижесіз. Енді не істеуге болатынын білмеймін, - деген шарасыз округ әкімі әлгі тәртіпсіздерді табумен енді аудандық полиция бөлімі айналысады деп отыр. Тапса, әрине.

Көптен айтылып жүрген бейнекамера мәселесі де шешілер. Алайда, камерадан емес, Құдайдан қорқып, бір-бірімізден ұялсақ етті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521