Исатай ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Жалын» мәдениет үйінде өткен еңбек жәрмеңкесіне 13 мекеме өкілдері келіп, олардан 838 бос жұмыс орындары ұсынылды. Білгеніміздей, жалпы 25 мекемеге қатынас хат жолданыпты.
Жәрмеңкеге мекеме, кәсіпорын өкілдері, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, жұмыссыз азаматтар, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар және пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Сондай-ақ онда «Болашақ-Атырау» ЖШС, «Сенімді Құрылыс»ЖШС, «Denholm Zholdas» ЖШС, Чайна Нэйшенл Кемикал Инжиниринг Ко. ЛТД., «Ksp Kazstroy Premium» ЖШС, «Сичим С.п.А» Қазақстан филиалы секілді компанияларымен қатар, жергілікті мекемелерден де бос жұмыс орындары ұсынылды. Олардың ішінде аудандық орталық аурухана, аудандық білім, полиция бөлімдері бар.
Жәрмеңкенің ашылуында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Д.Абишева және Исатай аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Р.Мұқанов сөз сөйлеп, бағдарламаның мәні, мақсатын түсіндіріп, жәрмеңкеге қатысушыларға жұмысқа орналасудың талаптарын айтып өтті.
- Жәрмеңкеге барлығы – 267 адам қатысып, оның ішінде – 236 адамның түйіндемелері алынып, сонымен қатар іс-шараны өткізу барысында келген барлық азаматтарға және жеке, заңды тұлғалар өкілдеріне жұмыспен қамту мәселелері бойынша біліктілік, кеңестік көмек көрсетіліп, тиісті бағыттар берілді. Аталған кәсіпорындар мен мекемелерге жұмыссыз азаматтардың түйіндемелері тапсырылып, әңгімелесу өткізіліп, жұмысқа қабылдау жайлы мәліметтерін аудандық жұмыспен қамту орталығына осы жылдың 24 ақпанына дейін хабарлау міндеттері жүктелді, - дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Джумалиева.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ