Аққыстаудағы Таскран туралы білесіз бе?

Атырау облысы, Исатай ауданы аумағындағы тарихи белгілердің бірі – Таскран («Тасгран» деп те жазылып жүр).

«Атырау-Астрахан» тас жолымен батысты бетке алып шыққаныңызда, аудан орталығы Аққыстау ауылынан қол созымда, күре жолдың сол қапталында тұрған ол – кешегі күндердің «куәсі». Оның тарихы туралы айтқанда, қайсыбір ескілікті қарталарда белгіленіп, кейбір құжаттарда аталынып жүретін жай-жапсарына, бала кезімізден-ақ, негізінен ауызекі әңгімелер арқылы қанығып өскеніміз рас. Сонау Жәңгір хан заманында Каспий теңізінің терістік жағалауы екі округке бөлініп, №1 округ - Оралға, №2 округ Астраханға бағынған. Белгілі тұлға Мақаш Шолтырұлы Бекмұханбетов 1868 жылы осы екі округті, яғни №1 және №2 округтерді қосып басқаратын әкім болып тағайындалған екен. Округтердің бөлінуіндегі жері, суы қағаз жүзінде болғанымен, бір аралық белгі болмай, теңізден балық аулаушылар шекараны жиі бұзып, бір-бірінің қайықтарын тартып алып, оның соңы ұрыс-төбелеске ұласып, тіпті, ара-тұра кісі өлімі де болып тұрған.

Ол кезде теңіз суы Жалтырды (Тұщықұдық ауылдық округі аумағында) басып, «Бөкей шешесі» қауымына дейін барған. Сулы жерді айнала өскен ну қамыстар, бөлек-бөлек біткен аралдар көбеюінен аталған округтердің аралық шекарасы қай тұстан өтетіні белгісіз бола берген. Бұдан шығудың жолын іздеген округтің жаңа әкімі Мақаш Шолтырұлы Саратов қаласынан алты соқа сатып әкелдіреді. Сөйтіп, екі округ арасын сол соқалармен жыртқызып, шекарасын белгілеп, оның әр жеріне тас көміп, белгі орнатады. Осыдан кейін аралық (гран) белгі әрі теңіз жағасының маягі ретінде осы Таскран тұрғызылған. Әрине, қай заманда да қаржысыз іс бітпеген ғой. Аталған белгіні салуға ақшалай көмек көрсетіліп, демеуші әрі басшылық жасаушы Беріш Жайықтың Тумаш бөлімінен шыққан Әйіп деген адам болыпты. Бұл кісі Меккеге сапарлап, қажы атанғандықтан ел адамдары оны «Әйіп қажы» дейді екен. Таскранның тасын қалап, тұрғызушы шебер қажының руласы Орынбай деген кісі көрінеді.

Әрине, бір кісінің қолынан көп шаруа келмесі анық, ол уақытта да ел ішінде ұйымдаса іс қылу мысалдары аз болмаса керек.

Таскран тарихын бізге баяндаушылардың бірі - Беріш Бегістің Түгелек бөлімінен тарайтын жүз жасаған абыз ақсақал, шежіре қарт Сидеғали Нұрманұлы. Қос ғасыр куәгерінің айтуынша, әкесі Нұрманның 1860 жылы туған немере ағасы Кенжеғали деген кісі: «Мен 11 жасымда әкемнің жұмсауымен осы Таскранды тұрғызатын тастың сазын атпен басқан баланың бірі едім» деп отырады екен. Сонда бұл 1871 жыл болғаны. Ақсақалдың айтқанына құлақ түрсек, Таскран жергілікті саздан 12 бәршектік қалыппен соғылған 10 мың тас пен 10 мың бау қамыстан тұрғызылған. Құрылыс сызбасына сай әуелі бір қатарға тас төселініп (қаланып), сосын бір қатар қамысты түбін шетке беріп төсеп (асты-үстіне балшық салып), осылайша биіктігіне 50 қатар тас өрілген.

- Жұмыс аяқталғаннан кейін Таскранның іргесіне екі округтің топографиялық карталары шөлмекке салынып көмілген. Онда: «Биіктігі – 8 метр 40 сантиметр, 1871 жылы тұрғызылды» деген жазу болуы керек,- деулі шежіре қарт Сидеғали Нұрманұлы.

Иә, содан бері де арада зырғыған уақыт көші 150 жылын құрапты. Биік төбе басында сол өткен уақыт бедеріндегі табиғаттың сан қилы сынына шыдас беріп тұрған тарихи белгіге көз салған сайын көңіл айдынынан жып-жылы жыр толқындары лықсиды:

...Осынау топырағымнан теуіп те ірге

Жасадың жүз елу жыл елмен бірге.

Барғайсың әлі талай замандарға

Ұрпақпен туын тіккен туған жерге...

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521