Аққыстауға Өркен Кенжебек келді

Журналист​, белгілі блогер-саяхатшы Өркен Кенжебек Исатай ауданында болып, жергілікті жастармен кездесті.

«Ұлттық құндылық - тәрбие негізі» тақырыбында өрбіген сұхбат барысында блогер қазақтың өмір салтын өзі саяхаттаған әлемнің 45-тен астам елдеріндегі ғұрыппен салыстыра отырып сөз қылды.

Менің ойымдағы ұлттық құндылық - қазақ халқының бойындағы жақсы қасиеттерді ​ сақтап қалу, және соны біліммен ұштастыру, - деген саяхатшы біздің ұлттық тағамдарымыздың өзі көп елге қарағанда құнарлы әрі ұнамды екенін атап өтті. – Француз халқының ең жақсы көретін тамақтары – құрбақаның артқы аяқтары. Еуропаға мәдениетті әкелген, небір брендттердің отаны болған Францияның сүйікті асы бұл. Одан кейінгісі - кәдімгі ұлу. Оны да торға қамап, аштан өлтіріп, зәйтүн майына бір шыжғырып алып бере салады. Үшіншісі – фуагра. Бай-бағыландардың жеңсік асы саналатын бұл фуагра қазақша майлы бауыр деген мағынаны береді. Бұның да дайындалуы сұмдық. Қаздың аузына түтікше салып қойып, сол арқылы құстың ішіне күніге жейтін асынан алты-жеті есе көп тамақты жіберіп отырады. Осылайша, артық тамақтан ағзасы зәбір көрген құс байғұстың бауыры ісіп, оны екі-үш айдан соң кесіп алады. Өйткені, құстың басқа еті жарамсыз.

74a81f62-74a0-4d45-b401-01f49701217b


Осылай деген блогер қазақ халқының ішер асының өзі ізгі жолмен дайындалады деген тоқтамға келді.

Сойылатын малдың көзінше пышақ қайрамайтын, «бісмілләсін» айтып, басын құбылаға бұрып барып бауыздайтын қазақты асын адалдан ішетін ең мәдениетті халық десек қателеспейміз, - дейді ол.

Десек те, кемшілігіміз де жоқ емес қой. Айтаққа еріп алашапқын сөз қуу, жалған намыс пен, әсіре патриотизм секілді жат әрекеттерімізді де дәйектермен орынды сынға алған Өркен Кенжебек жастарды ең алдымен өздерін тәрбиелеуге шақырды.

21fabe1f-fd09-48c7-b190-a9f40e6b88e0

Сен әрекет ет, ілім ізден, құлша еңбектен. Нәтижесіне алаңдама. Әрекет – сенен, берекеті - Алладан. Осыған сен және ​ сеніммен алға ұмтыл, - деді аққыстаулықтарға әсерлі кеш сыйлаған ол.

Кездесу соңында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арманбек Махмудов блогерге ризашылығын білдіріп, ауданның шежіре кітабын сыйға тартты.
Айта кетейік, кездесу Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері​ басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT