«Аққыстаулық 5 науқаста да белгі жоқ». COVID-19-дың тағы қандай «қыры» бар?

Қайдан, қалай келгені белгісіз Исатай ауданында COVID-19 инфекциясын жұқтырған 5 адам анықталғанын білеміз. Бұл туралы аудандық жедел штаб хабарлаған болатын.

Ал, халық тарапынан аталған індет төңірегінде сұрақ көп. Тіпті құлақ үйренгеннен бе, мүмкін әртүрлі ақпараттардың әсерінен шығар, осы аурудың бар-жоғына күмәнмен қарайтындар да аз емес. Оған әлеуметтік желілерде кейбір науқас деп танылған адамдардың өзін ауру сезінбейтіндігін айтып, наразылық білдірулері, басқа да бейресми ақпараттар, қаңқу сөздер себеп болып отыр. Сондай бейнежазбалардың бірінен «Мен ауру емеспін!» деп айқайлап жүрген бір қыз баланың дәрігерлерге өзін босатуды талап етіп жатқанын да көрдік. Осыдан кейін халықтың ойы сан-саққа жүгірмей қайтсін? Басында бұл ауру ауызды кептіретін, жөтелдіретін, қызу көтеретін сипатқа ие еді ғой. Зәре-құты қашқан халық алыстан атойлап жеткен індеттің таралу жолдары мен негізгі белгілерін жаттап та алмап па еді? Сосын да шығар, көпшілік еш жері ауырмайтын адамнан вирус табылғанына түсінбей дал.

Осы сауалдың жауабын білмек болып аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Б.Картмаганбетоваға хабарласқанбыз.

– Бүгінде бұл індеттің симптомсыз түрлері белең алуда, - дейді маман. – Мәселен, ауданымыздан анықталған бес науқаста да клиникалық белгілер жоқ. Яғни, еш жері ауру сезбейді. Бірақ, олар бойындағы инфекцияны тасымалдау қасиетіне ие. Басында ауруда клиникалық белгілер болмағанымен, кейін сезілуі мүмкін. Бұл әсіресе, иммунитеті төмен адамдарға тез тарайды. Індет сонысымен қауіпті. Көпшіліктің күдігі де осыдан туындаса керек, - деген Б.Картмаганбетова тұрғындардың бұл мәселеге түсіністік таныту керектігін айтады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521