Аққыстаулық аспаз: «Отбасын асырау - ердің ғана міндеті емес»

Аққыстаулық Жаңылсын Уайсованың аспаздықты кәсіп етіп, оны табыс көзіне айналдырғанына биыл15 жылға жуықтайды.

Ал, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аудан орталығынан қоғамдық тамақтану орнын ашқанына бір жыл болды. Оған дейін ол жиын-тойларға арнайы тапсырыспен тамақ дайындайтын. Былайша айтқанда, аудан көлемінде Жаңылсын дайындаған тағамдардың дәмін татпағандар кемде-кем. Тіпті, көрші аудандардан да тапсырыстар қабылдап, той иесінің де, қонақтардың да көңілінен шыққан сәттер аз болмады.

– Алғашқыда ағайын-туыстың қызығына атсалысып, көмектесетінмін. Ақшаға емес, алғысқа қызмет атқарып жүрдік. Алайда кейін, бұның кәдімгі кәсіп екенін ұғынып, жұмыс жасай бастадым. Ол үшін шақырылған қонақтардың тізімін алып, жайылатын дастарханның көлемімен танысып, соған сай ас мәзірлері мен оларға жұмсалатын қаржы сомасын шығарып, ары қарай дайындап, үйлестіруді өз мойныма алатынмын. Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай болып шығатын. Кейін, қоғамдық тамақтану орнын ашып, жылдар бойы жинаған тәжірибемді пайдаланып, халыққа қызмет қылсам деген ой туды, - дейді ол.

Осылайша былтыр Аққыстау ауылының орталығынан «Аққыстау дәмханасы» атты шағын асхана есігін ашты. Дәмхананың ашылуы әлемді шарпыған індеттің біздің елге ене бастаған кезімен тұспа-тұс келді демесеңіз, оған қаймыққан кәсіпкер жоқ. Күн сайын күшейген карантиндік шектеулердің талабын сақтай отырып, қиын кезден «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шыққан Жаңылсын Уайсова асханалардың жұмысына рұқсат берілгенге дейін отағасының көмегімен асхана өнімдерін тұрғындарға жеткізіп беру түрінде қызмет көрсетіп келді.

-Таңғы жетіде келгеннен, түнгі 00.00-ге дейін осында боламыз. Қалай еткенде де тұтынушыға тік тұрып қызмет көрсетуіміз керек, - деген ол алдағы уақытта кәсібін кеңейту жайлы жоспарымен де бөлісті. - Алғашқыда орынды бір-екі айға жалға алдық. Артынша, мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдау бағытында несие алып, ғимаратты жекеге сатып алдым. Әзірге жұмысымыз жаман емес, - дейді кәсіпкер.

Жаңылсын «Отбасын асырау - ердің ғана міндеті» деген қатып қалған қағидаға келіспейді. «Бәрі бір үйдің құйылысы болған соң, анау - менің міндетім, мынаны сен атқаруың керек» деп санасу қате пікір. Отбасы болған соң жұдырықтай жұмылып іс қылу қажет. Оның үстіне қазір мемлекеттен кәсіпкерлікке қолдау бар ғой» дейді Жаңылсын. Уақытша сынаққа сыр беріп немесе азғантай мұқтаждық көрсе болды, алақан жайып, әлеуметтік желіде көмек сұрап отыратын болмаса бар кінәні мемлекетке аудара салатын қол-аяғы балғадай замандастарына да айтары бар оның.

- Ешнәрсе оңайлықпен келмейді. Еңбек етсең, қай қиындыққа да төтеп беруге болады. Өз басым, балаларыма тиесілі жәрдемақыны да алып көрмеппін. Қате түсінбеңіз, оған тасығандық емес, өз балаларымызды өзіміз асырауға тиіспіз деген ұстанымым себеп болды. Аллаға шүкір, еңбектенген адам аш қалмайды екен» дейді аспаз.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521