9-12 шілде күндері Қырғызстан мемлекетінің астанасы Бішкек қаласында садақ атудан әйелдер мен ерлер арасында ІІ Халықаралық турнир болып өтті.
Дүбірлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясының құрамына кіретін төрт республика және алаң иелерінің мергендері қатысты. Үш күнге созылған Халықаралық деңгейдегі ауқымды турнирдің нәтижесінде ел құрамасы командалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ ұлттық құраманың сапында өнер көрсеткен аққыстаулық Асылзат Балтабекқызы жекелей сында әйелдер арасында 30 метр қашықтықты көздеуде ІІІ орынды еншілеп, жаһандық бәсекеде еліміздің абыройын асқақтатты.
Иә, ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға біздің қазақтың да таласы барына ешкім күмәнданбаса керек-ті.
Еске сала кетейік, біз газетіміздің өткен санында жарияланған «Дарынмен дараланған Асылзат» атты мақалада кейіпкеріміздің бүгінде Түркия мемлекетіндегі ең белді жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінде білім алып жатқанын және оның үздіксіз ізденіс пен талмай оқудың жетегінде келетінін жазған болатынбыз.
Енді міне, Асылзат қырғыз елінде өткен ірі турнирде мергендігімен көзге түсіп, тағы бір жаңа қырынан танылды.
Жүлде құтты болсын, жерлестер!
Әділбек СЫРЫМОВ