Аққыстаулық массажшы: «Ерекше балаларды емдегім келеді»

Аққыстаулық Маргарита Меңдіғалиеваның негізгі мамандығы - заңгер.

Бұған дейін аудандық сотта маман болып қызмет атқарған оның жеке кәсіпті қолға алуына отбасылық жағдайы себеп болыпты.

- Белгілі бизнес-тренер Ахметбек Нұрсиланың Атырау қаласына келіп өткізген дәрісіне қатыстым және ол менің кәсіпкерлікке деген ынтамды арттыра түсті, - дейді Маргарита. - Бүкіл уақытымды азын-аулақ жалақыға арнағаннан өз білімім мен қабілетімді пайдаланып неге кәсіп ашпасқа деген ой мақсатқа жетелей түсті. Бірақ, неден бастарымды білмей жүрдім. Кейін тәуекелге бел буып, жұмыстан еңбек демалысымды алып, белгілі клиникалардың бірінен массаждың 12 түрін оқып үйрендім.  

f6ac8b60-58e4-45ba-9bec-08817cf42e3a

«Темірді қызған кезінде соқ» демекші, Маргарита курстан өтіп келген бойда бірден кәсіп ашып алуды ұйғарыпты. «Бірақ, қолымда қаржы жоқ еді. шағын несие алайын десем, оны да көпбалалы анаға бермейтін болып шықты. Сөйтіп, әкем мен бауырларымның атына 200 мың теңге көлемінде қарыз ақша алуға тура келді. Сонымен Аққыстау ауылындағы «Еркежан» дәріханасының бір бөлмесін жалға алдым да, бір кушетка мен басқа да ұсақ-түйек керек заттарымды сатып алып, жұмысымды бастап кеттім» дейді массажшы.

Мамандығын өзгерткен Маргарита

Жас кәсіпкердің шағын бизнесі аз уақыттың ішінде жақсы сұранысқа ие болды. Азғантай жалақыға қарап отырғаннан кәсіппен айналысқанның әлдеқайда тиімді екендігіне көз жеткізген ол осылайша өз еркіммен бұрынғы жұмысынан шығып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрым Мусиннен біраз мағлұмат алып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікі дамыту 2021» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы оператор болып табылатын «Бастау-бизнес» жобасын оқыды.

6f5d6593-711c-4b7a-bbc5-f73fd2a7b772

- Аталған жобаны кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалынан жақсы нәтижемен аяқтап, аудандық жұмыспен қамту орталығының жанынан ұйымдастырылған грант конкурстарына құжаттарымды тапсырып, 583 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, оған керекті құрал-жабдықтар алдым. Тағы бір бөлме қосып, массаж бағдарласын көбейттім, - дейді ол.

Маргаритадан массаждың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін де білдік.

3

- Массаж бірінші кезекте адамның қанайналымын жақсартады. Бұрынғы адамдар ертеден кешке дейін қозғалыста болғандықтан, олдарға массаждың қажеттілігі болған жоқ. Ал қазір қозғалысымыз азайды. Жұмыстың көбін бізден гөрі техника атқарады. Тіпті, қарапайым жаяу жүретіндер де аз. Яғни, қазіргі адамдарға массаж қажет. Оны медицина да дәлелдеуде. Өйткені, дәрігер мамандар көптеген ауруға массаж алуды кеңес қылады.

«Білгенімді үйретсем деймін»

Бірнеше түрге бөлінетін емдік массаждардың бірі - қазірде көбірек сұранысқа ие логопедиалық массаж. Оны да оқып, қыр-сырын меңгере бастаған маман алған дәрісін кәдеге асырып жатқанын, одан оң нәтижелер де бар екенін де атап өтті.

– Бұл - сөйлей алмайтын балаларға арналған массаж. Мен оны практика жүзінде өзімнің балама жасадым. Онлайн түрде оқып жатқандықтан, үйренгенімізді іс жүзінде өзіміз жасап көруімізге тура келеді. Аудан орталығында ерекше балаларға арналған оңалту орталығы бар. Естуімше, онда 15-ке жуық бала ем алады. Ал, шындығында оларға бір-екі сағат массаж алу жеткіліксіз. Яғни, ерекше балалармен күнде тұрақты түрде айналысу керек. Анықтап айтар болсақ, оларға емдік гимнастикалық жаттығуларды үзбестен жасалуы тиіс. Ал оған бір маман жетпейтіні белгілі. Сол себепті де әрқайсысына уақыт бөліп, балалардың күтушілеріне массаждық осы түрін тегін үйретсем деген жоспарым бар. Себебі, тағы да қайталап айтайын, ерекше балаларға ем болуы үшін бұл массаж үзбей жасалуы қажет. Сонда ғана бұның көмегі тиеді. Мәселен, ауруынан жүз пайыз айығып кетпесе де, ыдысын ұстай алмайтын бала қолына қасық ала бастауы мүмкін, отыра алмайтыны оған да икемделе алады. Инсульт алған адамдарға да массаждың пайдасы көп. Оны да өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Жалпы алға қарай осы бағытта жұмыстар жасасам деймін.

Турмалин кабинасы күйзелістен арылтады

- Мына инверсиаялық үстел сол үшін керек, - деді бөлмедегі құрылғыны көрсетіп. – Бұл омыртқа бойын созуға көмектеседі. Ал, мына жүгіру жолағы артық салмақтан арыла алмай жүргендер үшін. Оларға арналған бағдарламада келуші ең алдымен 10 минут көлемінде осы жолақпен жүгіріп алуы керек. Одан соң душ қабылдап, ыссылығы 60 градусқа дейін жететін турмалин кабинасында отырады.

42a8b7d5-a84a-421a-b240-f6e719489008

Осылай деген массажшы турмалин кабинасының ерекшелігін де түсіндіріп өтті. Кабинадағы үш түрлі турмалин тасы әртүрлі ауруларға көмектеседі. Жүйке жүйесін тыныштандырып, күйзелістік жағдайдың салдарын жеңілдетеді және ұйқысыздықтан арылтады.

- Бұл кабинаның моншаның ыстығынан айырмашылығы ондағы турмалин тастарынан бөлінетін ыстық энергияның қан қысымы, қант диабеті секілді ауруларға зиянсыз екендігінде, керісінше оларды қалыпқа келтіретіндігінде, - дейді Маргарита.

Турмалин кабинасынан шыққан емделуші 15-20 минут көлемінде дем басып, одан әрі қызып тұрған денеге массаж жасалады. Ал, одан кейін қолданылатын стоун-терапия адамның ұйқысыздығы мен стресспен күресуге пайдалы. Ол денедегі нүктелерге ормалдың сыртынан 55, жалаңаш денеге 25 градусқа қойылады.

- Әлеуметтік желідегі оқырманым да, жарнама да жолға қойыла қоймағанымен, ем қабылдайтындар аз емес,- дейді кәсіпкер. Ем алушылар әрқайсысы он күннен тұратын үш кезеңдік массаж курсына жазылады. Әр кезең сайын екі апта тынығулары шарт.

Денедегі тұздың зияны көп

Алдағы жоспарларымен де бөліскен Маргарита қазіргі уақытта жалға алып отырған турбалин кабинасын грант арқылы сатып алғысы келетінін айтты. Өйткені оның атқаратын қызметі көп. Қанайналымды қалыпқа келтіру, денедегі тұздарды, таксиндерді шығарып, ағзаның жұмыс жұмысын реттеу, т.б. қасиеттерге ие бұл кабинаға кіріп шыққан адам біраз сергіп қалатын көрінеді. Жақында бір маманды жұмыспен қамтығалы отырғанын айтқан ол егер кәсібінің аясы кеңіп жатса, тағы бір қызметшінің керек болатынын жасырмады.

Елге ем жасап, еңбек тауып жүрген массажшы мұнда келушілердің көбі остреохондрозға шалдыққандар дейді.

– Жалпы дененің сыртына шыққан тер қайта сіңбеуі керек. Тұз содан пайда болады. Омыртқалар арасындағы шеміршектердің бойына жиналатын тұз мойыннан басқа баратын тамырларды қысып, ары қарай қанның еркін жүре алмауына апарады. Бұл бастағы тамырлардың жіңішкеруіне, қанайналымның баяулауына әкеледі. Ал, қанайналымның бұзылуы әртүрлі қатерлі аурулар тудыратыны белгілі, - дейді Маргарита.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT