Исатай аудандық музейінде Ю.Гагарин атындағы орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Абай Хидуллиннің қатысуымен мектеп оқушыларына арналған шеберлік сағаты өтті.
Шеберлік сағаты барысында Абай Хидуллин қолөнерге деген қызығушылық және еңбексүйгіштіктің арқасында түрлі жетістіктерге жетуге болатындығын айтты. Арнайы құрал арқылы ағаш тақтайға ойып сурет салудың қыр-сырымен бөлісті.
Сондай-ақ тақтайшаға поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованы бейнелеп, оқушыларды одан әрі таңғалдыра түсті. Қолөнер шеберіне қашап сурет салудың әдістері жайында сұрақтар қойған балалар шебердің бүгінге дейін жасалған еңбектеріне де назар аударды.
- 2013 жылдан бері Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер музейімен тығыз байланыстамын. Осы музей арқылы облыстық қолөнер шеберлері байқауына қатысып келе жатырмын. Қазіргі таңда Ю.Гагарин атындағы орта мектепте технология пәнінің мұғалімі болып қызмет етемін. Сабақ барысында да осы қолөнер түрін оқушыларға кеңінен түсіндіріп, тәжірибе жүзінде де көрсетемін. Бүгін, міне, аудандық музей мекемесіне келіп, оқушылармен кездесіп, өз өнеріммен бөлістім. Осындай шараны ұйымдастырған музей басшылығына өз ризашылығымды білдіремін, - дейді қолөнерші Абай Хидуллин.
Әділбек СЫРЫМОВ