Аққыстаулық жаттықтырушы провизорлық стационарға тыныс алу аппаратын сыйлады

Ел басына күн туған осынау қиын кезеңде әр азамат қолынан келген көмегін халқынан аямауы тиіс.

Аққыстаулық азамат, "Барыс" балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабеков осы пікірде.

Ауданымызға да ауыз салған аты жаман аурудан жерлестерімізді қайтсек аман алып қаламыз деген сауалға жауап іздеген ол дәл қазіргі уақытта әр ауруханаға ауадай қажет оттегі концентраторы аппаратын сыйға тартуды ұйғарыпты. Сөйтіп, Асхат Алматы қаласынан арнайы тапсырыс арқылы алдырған құны 550 мың теңге тұратын түркиялық су жаңа құрылғыны кеше, яғни 12 шілде күні кешкісін аудандық провизорлық стационарға табыс етті.

- Осындай сәтте елдің қажетіне жарай алмасақ, азаматтығымызға сын деп есептеймін. Өйткені, бұл індетпен күресу тек дәрігерлердің ғана парызы емес, оған атсалысу, қол ұшын беру - бәрімізге ортақ міндет. Ата-анам - ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында тер төккен медицина қызметінің ардагерлері. Сондықтан да ақ халаттылардың тынымсыз еңбегі маған жақсы таныс. Оларға дәл осы сәтте халықтың қолдауы қажет деп ойлаймын. 

Бұйырса, бұл қиындықтан да өтерміз. Осы бір өткінші сынақ біздің ел алдындағы жауапкершілігімізді сезінуге және шынайы ниетпен әрекет етіп, Алладан сауап алуға зор мүмкіндік деп білемін. Ел игілігі үшін алынған бұл құрылғы аудандағы науқастардың қажетіне жарап, дертіне дауа болып жатса, соған шын қуаныштымын, - дейді Асхат.

Құрылғыны аудандық аурухананың терапевті және анестезиолог-реаниматологі Сержан Сәндібаев қабылдап алды.

- Бұл аппарат - қоршаған ортадағы оттегі құрамының қалыпты көлемін бұзусыз, молекулалық жолмен сүзу арқылы жоғары концентрациялы таза оттек алуға мүмкіндік беретін және емдік мақсатта қолданылатын құрал, - дейді маман.

– Дәрігер үшін қаншама науқастардың қиналып жатқанын көзбен көре тұрып, тиісті құрылғылардың жоқтығы себепті шарасыздық танытудан қиын дүние жоқ. Ауыр науқастар көбейген уақытта осындай аппараттардың жоқтығы жанымызға бататын. Бүгінде аурулар арнайы баллондар арқылы оттегімен тыныс алуда. Оның бір қиыны - баллондағы ауа санаулы сағатқа ғана жетеді. Оларды ауыстырып тұру - қосымша жұмыс. Енді, міне, ауруханамызға бірінші рет оттегі концентраторы келіп отыр. Бұл ешқандай ауа толтыруды қажет етпейді, яғни, үздіксіз қызмет атқара береді, - дейді провизорлық стационар маманы.

Жақсылыққа бастамашы болған Асхат Жұмабековтің бұл игілікті ісі басқа да азаматтарға үлгі боларлықтай.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521